Жағдайың қалай, студент?

Өңірдегі жоғары оқу орындарының дені жатақханамен қамтылған. Бұл — енді шымкенттік студенттер ақылы пәтер іздеп сабылмайды деген сөз. Шәкірттерге барлық жағдай жасалған деп сендірген жоғары оқу орны өкілдерінің сөздеріне көз жеткізу арнайы рейд ұйымдастырылды.

Облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту басқармасының мамандары қаламыздағы 11 жоғары оқу орнының жатақханаларын тексеріп шықты. Дені тегін ғаламтормен қамтылып, элекронды кітапханамен жабдықталған екен. Басым бөлігі күрделі жөндеуден өтіп, замануи үлгіде жаңаланыпты. Осындай жайлы баспана үшін әр студент жылына 22-25 мың теңге төлейді.

М. Әуезов атындағы ОҚМУ-де тек 1700-ге жуық студентке арналған жатақхана бар. Ал жалпы оқу ордасында 14500-дей студент білім алады. ОҚМПИ-дің 3200 студенті болса, оның тек 620-на ғана жатақхана қарастырылған.

Қаламызда білім алатын студенттердің дені ауылдық жерлерден келетінін ескерсек, қалған жастардың туысқан үйін паналауға немесе пәтер іздеп сабылуына тура келеді. Оның үстіне жаңа оқу жылы қарсаңында жалға берілетін баспананың бағасы шарықтайтыны тағы бар.

Мәселенің анық-қанығын білу үшін пәтерді жалға беретін риэлтор компанияларға хабарласып көрдік. Алайда тілші екенімізді білген риэлторлар бірден жауап беруден қашқақтады. Сондықтан студент ретінде пәтер бағасын білуге тырыстық.

Өзін Нұргүл деп таныстырған риэлтор пәтер құны доллардың көтерілуіне орай аздап өскенін айтады. Алайда жалға алушы қалтасы қалың студенттер табылмаған болуы керек, сұраныс бірден азайып, пәтерлер бір айға қаңырап бос тұрып қалыпты. Осыдан кейін өз сабаларына түскен жалға берушілер, қайтадан бұрынғы бағамен пәтерлерін жарналай бастаған.

Сондықтан пәтер құны да сіздің қалтаңыздың қалыңдығына қарай көсіледі. Яғни 35 мың теңгеден басталып, 100 мың теңгеге дейін ақы төлеп, жайлы баспанада алаңсыз өмір сүре аласыз.

Ал келесі агенттік бүгінде Шымкент орталығында 30 мың теңгегеа пәтер жалдай алмайтынымды айтты. Тек еш жағдайы жасалмаған, қаланың сыртына барып келуге қиналмасаңыз ғана, арзан бағада таба алуыңыз бек мүмкін екен.

Міне, қаламыздағы жалға бюрілетін баспана бағасы осылай болып тұр. Риэлторлардың бірі пәтерді жалға беру өзгеріссіз қалды десе, енді бірі аздап өзгерістің болғанын жеткізді. Сонымен қанша тырыссақ та, 30 мың теңгеге жайлы орын таба алмадық.

Айтпақшы, биыл қаламызда жаңа студенттер үйінің ашылады. Жаңадан салынып жатқан жатақхана қазан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. 500 шәкіртке арналған 12 қабатты мұндай жатақхана Шымкентте алғаш рет ашылғалы отыр. Білім алатын жастар үшін мұнда барлық жағдай жасалады. Сондықтан қойылатын талап та қатал болмақ.