Батыр ескерткіші

Шымкентте қазақтың батырлары Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяққа арналған ескерткіш ашылды. Тас мүсін Қажымұқан атындағы орталық стадионның батыс бүйіріндегі гүлзарбаққа жайғасты. Тарихи мүсіннің ашылу салтанатына жергілікті билік өкілдері мен шаһар тұрғындары және Ақтөбеден батырдың ұрпақтары арнайы келді.

Батырлар ескерткіші

Тарихи кешеннің авторы — мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Ескерткіштің биіктігі-10 метр. Тұғырдың үстінде атқа қонған Тілеу Айтұлы мен оның ұлы Жолдыаяқ батырдың мүсіндері — 5 метр.

Қанатбай Елеусізұлы, Ақтөбе облысы бойынша «Тілеу батырды ұлықтау» қоғамдық қорының төрағасы: «Бұл — біріншіден, Қазақстанның тәуелсіздігінің жемісі. Әйтпесе, бұған дейін Ресей империясы кезінде осы батырлардың ерлігі тұрмақ, есімдерін айтуға тыйым салынып келді.  Сондықтан қазіргі қуанышымызды, оларға деген құрметімізді сөзбен айтып жеткізе алмаймын».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=iluAxvWHPGc[/youtube]

Тілеу Айтұлы — Алты алашқа әйгілі, би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. 1681-1684 жылдары жоңғарларға қарсы шапқан, Сайрам соғысында 17 мың қол жинап, қасына ұлы Жолдыаяқ пен інісі Қалдыбай батырларды ертіп, сол далада ерлікпен қаза тапқан.

Батырлар ескерткіші

Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы: «17 мың қолдың 11-і Сайрамда қалды шейіт болып. Ал Тілеу Айтұлы мен Жодыаяқтың мәйітін халқы ардақтап, сүйегін Түркістанға жерледі».

Осынау қазақтың ен даласы үшін жауды жығып, тәуелсіздік таңын жақындатқан Жолдыаяқ пен Тілеу батырлардың ескерткішінің авторы, мүсінші Әбдікәрім Ахметовтың айтуынша, тарихи туындыны жасау үшін 2 ай уақытын сарп еткен.