Шымкент қаласының жол-патрульдік полиция қызметкерлері кәмелет жасына толмаған екі азаматты ұрлыққа қатысы бар күдікті ретінде ұстады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
29 қазан түнгі сағат 22:20 шамасында 102 телефонына 1999 жылы туыыған жергілікті тұрғын хабарласып, көмек сұраған. 16 жасар бозбаланың айтуынша, екі белгісіз адам қорқытып, бағасы 100 мың теңгеге жуық Айфон-5 маркалы ұялы телефонын алып кетіпті.
Жедел түрде оқиға орын алған жерге жеткен жол-патрульдік полициясы экипажының қызметкерлері беттеріне медициналық маска тағып алған екі жеткіншекті алысқа ұзатпай ұстады.
Олар 1999 және 2000 жылдары туылған жергелікті тұрғындар болып шықты. Күдіктілерді тексеру барысында олардан медициналық маска және ұялы телефон табылып, тәркіленді. Жеткіншектер Шымкенттегі Еңбекші полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 191-бабымен (Тонау) қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.