Қайтпас-1 шағынауданындағы тұрғындар жол азабын тартуда. Жауын-шашынның кесерінен мұндағы ішкі көшелер батпаққа айналған. Ал тасжолдар қауіпті болып барады.
Оқушылардың мектепке баратын жолы тіпті сын көтермейді. Күзгі жауыннан көшелерде көлшіктер пайда болған. Лас көшелерде жүйткитін жүргізушелер көліктерін күн сайын жуып әлек. Лайсаң жолдар оқушылардың мектепке қатынауына қиындық туғызуда. Шәкірттер сапасыз жолға аяқкиім шыдас бермейді дейді.
Ішкі көшелерге құятын су ағыны ылдилап ағатын арық-атызға қоқыс толып, жауын-шашын қалдығы көше бойын аралап кетеді. Жазда бұл маңай жол бойында саудаланып жатқан құрылыс материалдарынан шаң-тозаңға айналады. Ал жауынды-шашында саз-балшыққа иленеді. Мұнда тіпті жалғыз аяқ жол да қарастырылмаған.
Қазір Алматы көшесін қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Жолдың асфальт қабаты алынып, құрылыс жұмыстары әне-міне басталғалы тұр. Айналма жолдың 9 метрлік ені 15 метрге кеңейтіледі. Айта кетейік, жол бойында 42 нысан «Қызыл сызықтан» өтіп кеткен. Салаға жауаптылар белгіленбеген жерлерден құрылыс жүргізген тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=x6Cpen9CNg4[/youtube]
Келер жылы шағын айналма жолдың құрылысы аяқталады. Ал ішкі көшелер түйткілінің жуық арада шешілетін түрі жоқ. Сала мамандары бұл жолдардың құрылысына қажетті қаражатты қарастыруға келер жылы кіріседі.