«Қарақырдағы қозғалыс қор етті.» Мақтаарал ауданындағы аталған ауыл жұрты жолға жарымадық деп жыларман болып отыр. Отыз жыл бұрын салынған асфальттің қазір тамтығы да қалмаған. Жауын-шашында балалардың мектепке қатынауы тіпті мұң.
Мұндағы бір жарым мыңға жуық жұртшылық оншақты жылдан бері жол азабын тартып келеді. Сонау 80-жылдары салынған асфальттан түк қалмаған. Ойдым-ойдым шұқырларға су жиналып, жол саз-балшыққа айналып кеткен.
Тұрғындар жауын-шашынды мезгілде балалардың мектепке қатынауын уайымдайды. Белуардан саз кешкен оқушылар айналма жол іздеп, әуре-сарсаңға түскен.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=Tb9q6oWXHVo[/youtube]
Ал ауыл әкімі округтегі 34 көшеге тасжол салу туралы ұсынысын аудан әкіміне жолдағанын айтады. Алайда қаражат тапшылығынан бұл жұмыстарды, тіпті, кезең-кезеңімен іске асыру мүмкін болмай отыр. Жергілікті басшының сөзіне қарағанда, асфальт төсеудің ауылы алыс, тек шағыл таспен ғана шектелуге тура келеді.
Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, жолдарды қалпына келтіру жұмыстарына 2018 жылы қан жүре бастайды. Оған дейін жұртшылықтың саз балшықпен батып, әупірімдеп адымдауына тура келеді.