Асарлықтардың қоғамдық көлік қызметіне көңілі толмай отыр. Жолаушылар автобусты сағаттап күтуге мәжбүр. Автобус тоқтайтын орындарда, тіпті, аялдама да салынбаған.
Айнаш Сиқымбаева Асар шағынауданында орналасқан №1 қалалық балалар ауруханасында жұмыс істейді. Күніне бірнеше көлікке отырып, жұмысқа әрең жетеді. Түнгі ауысымнан шыққан ол үйіне жету үшін тағы да жол азабын тартуға мәжбүр.
Есесіне таксистердің қолы жүріп тұр. Науқастар ауруханаға таксилетіп әрең жетеді. Аурухана басшылығы салаға жауаптылардан қоғамдық көлік қызметін жолға қоюды бірнеше рет сұраған. Алайда, әзірге ешқандай әрекет байқалмайды.
Мұнда бағдаршам да жұмыс істемейді. Кешкі мезгілде автобустардың қатынауы тіпті сиреп кетеді. Мына жолаушылардың көлік күткеніне 40 минут болды. Базбірінің шыдамы таусылып, таксимен кетті. Ал енді біреулері көлікке сыймай қалып қойды.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=oeMkOYJKFvM[/youtube]
Асар шағынауданына кесте бойынша №8, 9 және 9 А автобустары қатынайды. Жауаптылар мұнда қоғамдық көлік қатынасы кестесінің жиі бұзылатынынан да хабардар. Алайда, тасымалдаушы компаниялар жолаушылардың аздығынан бағыттағы автобустардың өзін-өзін ақтамайтынын айтып, наразылық білдіріпті.
Ал аялдама мәселесі жуық арадаға шешіледі дейді мамандар. Себебі, шағынаудандағы автобус тұрақтайтын орындар қаладағы бір ай көлемінде салынуы тиіс 35 алдаманың қатарына кіріп отыр.
Ал орнатылғанына 8 ай болған бағдаршам Шымкент қалалық құрылыс бөлімінің балансында. Қоғамдық көлік қатынасына жауапты мамандар қазір бөлім басшыларына құрылғыны іске қосу туралы ұсыныс жолдапты.