Cайрам ауданында 100-ге жуық отбасының жол азабын тартып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Арнамызға арыздана келген ақсукенттіктердің айтуынша, күз бен көктемде көшеден жүріп өту мүмкін емес. Жергілікті билік өкілдеріне бірнеше рет шағымданған жұртшылықтың мәселесіне жауаптылар мойын бұратын емес.
Ақсукенттердің жолдың жырын жырлап жүргеніне он жылдан асып барады. Жергілікті жұртшылықтың сөзіне сенсек, бір шақырымды алып жатқан Пратов көшесі Кеңес кезінде тақтайдай теп-тегіс болған. Ал содан бері бірнеше жыл өтсе де көше әлі күнге жөндеу көрмей келеді.
Тұрғындардың айтуынша, осыдан үш жыл бұрын көшенің шұқыр жерлерін жамауға әрекет жасалып, аяқсыз қалыпты. Онсыз да кедір-бұдыр болған жол жерасты су құбырларын жүргізу кезінде де зақымданған. Тұрғындар кешкі мезгілде көшенің ой-шұқырынан тіпті жүруден қалдық дейді.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=RhyrA0AJUM8[/youtube]
Ал жауаптылар көшені орташа жөндеуден өткізу үшін сметалық құжаматты әзірлеп қойдық деп отыр. Қаражат та қаралып қойған.
Айта кетейік, Ақсукент елдімекенінде 11 көшеге асфаль төселген. Жөндеу көрмеген 19 көше жоспарда тұр. Ал Пратов көшесінің тұрғындары қарлы қыста да, жауынды-шашынды көктемде де ой-шұңқыры көп жолмен қатынауға мәжбүр.