Шымкентте 40-қа жуық шәкірт қаланың бір шағынауданынан екіншісіне барып, білім алуға мәжбүр. №69 мектептің оқушылары Асарға ат арылтып, дәріс алуын жалғастыруда. Достықтың бүлдіршіндері қыс пен көктем бойы қатынайтын болды. Әкімдік оларға әупірімдеп жүріп автобус бөліп беріпті.
Көлік таңертең сағат 7-де балаларды жинап, мектепке жеткізеді. Кешкісін 17:00-де барлығы қайта топталып, үйлеріне бет алады.
Ата-аналар осыған дейін көлік мәселесін айтып, құзырлыларды жағалап келген. Алайда, оқушыларды тасымалдау көпке дейін шешімін таппай келді. Жаңа оқушы жылында жергілікті аудан әкімдігі шәкірттерге қол ұшын созыпты.
Достық шағынауданында орналасқан №69 жалпы орта мектеп 400 балаға шақталған. Алайда, мұнда қазір 1000-нан астам астам оқушы дәріс алып жатыр. Орын жетіспеушілігінен кейбір сыныптар, тіпті, директордың қабылдау бөлмесіне жайғасқан.Осылайша мектеп басшысынан бастап шәкірттерге дейін қысылып-қымтырылып күнелтуде.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=r3F4Vm3Zieo[/youtube]
Бұл мәселе қалалық депуттардың да назарында. Халық қалаулыларының сөзіне сенсек, Достықтағы мектеп мәселесі келер жылы шешімін табады. Қажетті қаражат та қаралып қойыпты.
Келер жылы құрылысы басталатын 1200 балаға шақталған жаңа мектепке 3 гектар жер бөлініп отыр. Ал жаңа ғиамарат пайдалануға берілгенге дейін балалар көрші ауданға қатынауға мәжбүр.