Ауа райын болжаушылар Оңтүстіктегі күн райының бұзылуына байланысты ескерту жасап отыр. Алдағы күндері өңіріміздің таулы аудандарында жаңбыр жауып, соңы жылбысқы қарға ұласуы мүмкін.
Осыған байланысты ауа температурасы -3 градусқа дейін төмендейді деп күтілуде. Ал Шымкентте сынап бағанасы 8 градус шамасында болады.
— 16, 17, 18 қазан күндері обылс аумағында жауын-шашын болуы мүмкін. Таулы аудандарда соңы қарға айналуы ғажап емес, — дейді инженер-синоптик Ольга Иконникова. — Негізі, жаңбыр 17 және 18 қазан күндері жауады деп болжап отырмыз. Өңірімізде сынап бағанасы +8 градус, ал таулы аймақтарда -3-ке дейін төмендеуі мүмкін. Одан кейін ауа райы біртіндеп жылиды. Оңтүстіктен циклон келеді. Бірақ, ол кезде де жауын-шашын болады.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты қала күніне орай ұйымдастырылғалы отырған гала-концерт пен отшашу өтпейтін болды. Ал қалған бағдарлама өз кезегімен жалғаспақ.