Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлері көлігінде қару алып жүрген тағы бір жүргізушіні ұстады. Оқиға Жетісай қаласында болған.
Қаладағы орталық көшелердің бірінде кезекшілікте тұрған жол-патрульдік полициясының инспекторлары көшемен келе жатқан алдыңғы нөмірі жоқ Мерседес көлігін байқайды. Транспорт құралы дереу тоқтатылып, жүргізушінің құжаттары тексеріле бастайды.
Сол кезде рөлдегі 27 жастағы жергілікті тұрғынның ешқандай құжаты жоқ екені анықталады. Ал көлікті тінту барысында жүк салғыштан бөлшектелген, 16 калибрлі шолақ мылтық табылады.
Қазіргі таңда барлық айғақты заттар тәркіленіп, полиция бөліміне жеткізілді. Ал жүргізушінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.
Еске салайық, бұл азамат осы Мақтааралда қарумен ұсталған жалғыз жүргізуші емес. Қазан айының басында тәртіп сақшылары дәл осы ауданнан қару алып жүрген мас жүргізушіні ұстаған болатын.