Медеу көшесі

Үшінші мегаполиске үмітті қалада тұрса да инфрақұрылымнан жұрдай шымкенттіктер бар. Олар Қайтпас-1 шағынауданындағы Медеу көшесінде тұрады. Мұнда көлік түгілі адам жүретін жол жоқ. Құбыры тартылса да әлі күнге дейін берілмеген көгілдір отын мен үп еткен желге сөніп қалатын электр жарығын тағы қосыңыз.

Ашынған ағайынға ең алдымен жол керек. Су мен сұйық отын құбырын жүргізген мердігер компания жолды қазып, жұмысты аяқсыз қалдырған. Мұнда тұратындар бұған дейін өздері қаржы жинап, шағыл тас төсеткен. Енді ол жол жоқ. Есесіне қазылған шұңқырлар пайда болған. Одан жаяу жүргінші әзер жүреді. Жаңбырлы күні белшеден батпақ кешеді.

Маржан Икрамова, Қайтпас-1 шағынауданы, Медеу көшесінің тұрғыны: «Мынаны жол деп айтуға болмайды. Жаздай шаң кештік, шұңқырларға құладық. Қазір жаңбыр жауғалы қатпар-қатпар төмпешікке айналды. Көлік атаулы кіре алмайды. Жедел жәрдем көлігі жүре алмайды. Жолдың нашарлығынан қоқыс та алынбайды. Өйткені жол нашар, кірмейді көлік».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ptrvdyVTOm0[/youtube]

Жұртты әбігерге салғандардың соңынан тек салдары қалған. Жолды сонша қазғанда берілген көгілдір отын да жоқ. Ол аздай, газдың құбыры жеке үйдің ауласынан өткізіліпті. Оның заңсыз екенін ескертуден шаршаған ІІІ топ мүгедегі Күләйша Алиева күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған.

Күләйша Алиева, Қайтпас-1 шағынауданы, Медеу көшесінің тұрғыны: «Бұл менің аулам, кіргізбе, жүргізбе» дедім. Тыңдамады. Ал заңда газ құбыры тұрғын үйден қашық жүргізілуі керек деп жазылған. Ешкім тыңдамады. Енді отырмын, күнде уайымдап».

Көгілдір отын құбыры жүргізіліп біткеннен кейін тұрғындардан қомақты қаржы жиналған. Мамандар бір айда газ келеді деп уәде де беріпті. Одан бері жаз өтіп, күз келді. Енді бір айда қаһарлы қыс басталады. Ал Медеу көшесінің тұрғындары не көмір түсіріп отын жағарларын білмейді, не көгілдір отынды күтетіндерін білмейді. Күн суытқалы үйлері салқындап, мазалары қашқан.

Айгүл Тасқұлова, Қайтпас-1 шағынауданы, Медеу көшесінің тұрғыны: «Көмір түсіріп, от жағайық десек газ келіп қала ма деп отырмыз. Қыруар ақшаға көмір түсірсек, ертең газ келсе, оның өтемақысына да қаржы керек қой? Мамандардың не ойлап отырғанын білмейміз. Ашық айтсын — газ бола ма, болмай ма?»

 

Тұрғындардың тағы бір проблемасы — электр жарығы. Өздері қаржы жинап, трансформатор орнатқан халық қанша жылдан бері жарықтан жапа шегіп отырғандарын да айтады. Сөздеріне сенсек, шағынауданда тұрғындар көбейгелі трансформатордың күші жетпейді. Жарық күніне екі-үш рет сөніп, техникаларын күйдірген.

Бұл шағымдардың барлығы бұған дейін қағазға түсіріліп, әкімдікке берілген. Бір емес, бірнеше рет жауапты мамандарға да жазылған. Бірақ, ешқандай нәтиже шықпапты. Қалалық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшылары мәселелерді бірден емес, біртіндеп шешетіндерін айтып отыр.

Нұрлан Жаманкөзов, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі: «Біз кепілдік бере аламыз. Біздің мердігер қазған жердің бәрін қалпына келтіреді. Қайтпас-1 шағынауданының газы үш күнде, яғни, дүйсенбі күні (беріледі — ред). «ҚазТрансГаздың» мамандары қыс бойы жиналған ауаны үрлеп жатыр. Толық жұмыстары аяқталып, қосу басталды.»

 

 

 

Маман Медеу көшесіне әлі күнге дейін газ берілмегенінен бейхабар. Ал мердігер жолды жасап береді деген уәдеге тұрғындар сенбейді. Сондықтан облыс әкімінен араша сұрауға бел байлап отыр.