Қазақ хандығының 550 жылдығын өңіріміздегі білім ұялары да атап өтіп жатыр. Қаламыздағы Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейдің ұжымы мерейтой аясында жәрмеңке ұйымдастырды.
Онда шәкірттер өздері пісірген тамақ пен тәттілерін саудалады. 8-сынып оқушысы Мөлдір Серікхан да меретойдың құрметіне ағарғанмен ақ бауырсақтар пісіріп әкеліпті.
Мөлдір Серікхан, 8 сынып оқушысы: «Жәрмеңкеге қатысу үшін түнгі сағат 00-00-ге дейін бауырсақтар пісірдім. 100 данасының 90-нын сатып үлгердім, әрқайсысын 5 теңгеден саттым. 4500 теңге түсті».
Шараға арнайы келген көпшілік, ата-аналар қауымы шәкірттердің дос-құрдастары олардың дайындаған өнімдерін арзан бағада сатып алып, игі бастамаға үлестерін қосуды ұмытқан жоқ. Бұған қоса оқушылар мерекеде қазақтың ұлттық ойындарын ойнады. Меймандар үшін концерттік бағдарламасын қойып берді.
Балқия Құрдасжанова: «Осы мектепте 2 немерем оқиды. Солардың еңбегін елеп, жәрмеңкеге келіп отырмын. 3000 теңгеге оқушылардың тәтті нандарын сатып алдым. Жастарға жарайсыңдар деймін!»
Жәрмеңке мектептің барша оқушылары, 1379 шәкірт жұмылдырылған. Олар шарапаты мол шара аясында түске дейін 55 000 теңгеден астам қаржы жинап үлгерді.
Айшагүл Бейімбетова, С.Ерубаев атындағы №24 мектептің тарих пәнінің мұғалімі: «Түскен қаржыны мектебіміздегі аз қамтылған отбасылардың балаларына дәптер-қалам алуға, оларға алдағы қыс ауасында қалың киім-кешектер сатып алуға жұмсаймыз. Ақшаның тиынына дейін аталған көмек қорға аударылады».
Айта өтейік, С.Ерубаев атындағы мектеп-лицейдің ұжымы алдағы күндері хандықтың меретойына арнап өнер сайыстарын қолға алмақ. Мектеп ұжымының айтуынша, бастама шәкірттердің хандардың билігін тануына ғана емес, тарихты меңгеруіне сеп болады.