Оқушылар діни сауаттың төмен екенін мойындады

611

«Мектеп бағдарламасына дінтану пәні енгізілуі қажет». Шымкентке аудан-қаладан келген жоғары сыныптың оқушылары осындай ұсыныстарын білдірді. Айтуларынша, діни сабақ тек 9 сыныпқа қосымша-факультатив ретінде енгізілген. Оның өзінде айына бір рет қана. Маман емес, өзге пәннің мұғалімдері дәріс өтетін көрінеді.

IMG_6950

әрбір ауданнан 10 көшбасшы шәкірттер келген
Әр ауданнан 10 шәкірт келген

Шәкірттердің айтуынша, діни сауатының артып емес, керісінше, кемуіне дінтану пәні мұғалімінің жоқтығы себеп. Жиынға қатысқан көшбасшы оқушылар діни сауаттарының төмендеуінен, тіпті, ауыл мешіттеріне бас сұққан жастардың кері ағымдардың жетегіне еру жағдайлары жиілегенін де жасырған жоқ.

Бек Ментаев, «Асық ата» жалпы орта мектебінің 10 сынып оқушысы, (Мақтаарал ауданы): «Мешітке барғанда кері ағым өкілдерін жиі көремін, әсіресе, жұма намазға барғанда, 500, одан да көп адамды көзім шалады.»

Ұлжан Тойлыбай, «Ащыбұлақ» атындағы мектептің 10 сынып оқушысы, (Қазығұрт ауданы): «Дінтану пәні тек қосымша пән ретінде өтіледі, сондықтан ешқайсымыз оны ден қойып оқымаймыз. Өткен жылы өттік, бірақ ештеңе түсінген жоқпын».

Бүгінде бір ғана Оңтүстік өңірінде 1300-ден астам жерлесіміз жат діннің жетегінде жүр. Бұл біз білетін ресми мәлімет қана. Әзірге ел аумағында «Такфир», «Хиз бут Тахрир», «Әл-Кайда», «Таблиғи жамағт» сынды 18 бірдей діни ұйымға тыйым салынды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, аталған кері ағымдардың көздегені — экстремизм мен террорлық топты жасақтап, елдің тұтастығын жою. Айтпақшы, «уахаб» пен «сәләфидің» де көксегені осы болғанымен, аталған ағымдардың жұмысын тоқтату әлі күнге заңды күшіне енген жоқ. Бірақ мамандар оларды көпшілік орындарды тану оңай деп отыр.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=O6aMPdUe0ik[/youtube]

Мәди Бесбаев, облыстық ішкі саясаты және дін істері басқармасының әлеуметтік бастамалар орталығы басшысының орынбасары: «Уахаб» пен «сәләфи» немесе өзге кері ағымдардың жетегіне енгендерді мешітте бірден байқауға болады. Олардың киім үлгісін айтпағанда намаз оқу әдістері де басқаша, тек парызын оқып, сүннеттерін тастап кетеді. Және бата бергенде қол жайып, «әумин» демейді.»

Діни түсіндіру жиынында облыстық білім, жастар саясаты және тілдерді дамыту және ішкі саясат пен дін істері басқармасының мамандары оқушыларға дінтану пәнінің мәселесі шешілуі үшін жаңа бастамалар қолға алынып жатқанын алға тартты.

Мәди Бесбаев, облыстық ішкі саясаты және дін істері басқармасының әлеуметтік бастамалар орталығы басшысының орынбасары: «Дінтану пәні 2017 жылы негізгі пәндер тізіміне енеді деген негізгі жоспарлар бар. Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігі бүгінде мамандар дайындау жөнінде білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасап жатыр. «Дінтанушы және тарих пәнінің мұғалімі» деген жаңа мамандықты енгізу үшін. Бұл енді уақыт еншісінде».

Енді діни сауатының артуы үшін мектеп оқушылары тағы кемінде 2 жыл күтуіне тура келіп тұр.