Оңтүстікте қазақи нақышта қонақ үй жоқ. Қонақжай халықтың ұлттық тағамы батыстық үлгіде салынған мейманжайлардың ас мәзіріне енбеген. «Жібек жолында 1001 түн» ақпараттық турға қатысқан шетел мамандарының пікірі осындай.
Жылына 120 мыңнан аса туристі қабылдайтын Оңтүстікте тарихы орындар көп, алайда оларға жету қарастырылмаған. Яғни, аэро қолжетімділікті айтпағанда, қарапайым қоғамдық көлік қатынамайды. Түркістан, Отырар, Сарыағаш аудандарының тарихи-мәдени орындарын аралаған туристік топ осындай кемшіліктерді байқап, өз ұсыныстарын айтты.
Перизат Қонысбаева, туризм бөлімнің басшысы: «Дамып келе жатырмыз, барлығы заманауи болуы керек деп жатырмыз. Сондықтан барлығы бастыстық үлгіде салынып жатыр. Бұл кісілер бізге ұсыныс айтып отыр, кішкене болсын қазақи ою-өрнектер болса екен дейді. Бұл ұсыныстар орынды. Яғни келешекте салынатын жатын орындар болсын, сауықтыру орындары болсын осындай ұсыныстармен кәсіпкерлерге шығатын боламыз».
Айта өтейік, ақпараттық топтың құрамында Ресей, Франция, Дубай, Өзбекстан және қазақстандық мамандар бар. Ал турдың негізгі мақсаты — ішкі және сыртқы туризмді дамыту, танымал туристік бренді құру. Сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан облысының бірегей туристік аймақтарын көрсету, эксклюзивті туристік өнімдерді ұсыну. Ең бастысы, жергілікті және шет елдік туристік ұйымдар арасында іскерлік қарым-қатынасты орнату.
Үш күндік турды қорытындылаған қонақтар күнгейде танымал туристік бренді орнатудың жолдарын айтты. Шөлді аймақта түйе немесе жылқы фазендасының көрме жасауға болатынын жеткізді. Ол үшін мол тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Сонымен бірге кадр, яғни, гидтерді оқытатын семинар-кеңес ұйымдастырылса дейді.
Енді сандарды сөйлетсек, күнгейге бір жылда 120-150 мың турист келеді. Ал Түркістан қаласына келетін туристтерге бөлек статистика жүргізіледі. Киелі шаһарға 500-800 мың аралығында қонақтар келеді екен.