Оңтүстік Қазақстан облысында болған жол апатынан екі полиция қызметкері мерт кетті. Оқиға 12 қазан күні таңғы сағат 8 шамасында болған. Шымкент-Шаян бағытындағы тасжолдың үстінде, Сайрам ауданындағы Құтарыс ауылы маңында екі Тойота көлігі соғысып қалды.
Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, Сайрам ауданында тұратын 20 жастағы жүргізуші өзінің «Тойота-Камри» көлігімен жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Сөйтіп, қарсы келе жатқан «Тойота-Карина» көлігімен бетпе-бет соғысады.
Соның салдарынан «Карина» көлігінде отырған 38 жастағы жүргізуші мен қасындағы 37 жастағы жолаушы екеуі оқиға орнында тіл тартпай кетеді. Марқұмдар іс-сапарға шыққан облыстық ішкі істер департаментінің офицерлері болатын.
Ал «Камри» көлігінің жүргізушісі мен оның қасында отырған 18 жасар қыз түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілген. Бұл факті Сайрам аудандық ішкі істер басқармасында тіркеліп отыр.
Қазіргі таңда «Тойота-Камри» көлігі жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдары жүріп жатыр.