бюджет

Облыс бюджетінен бөлінген 2 млрд теңге игерілмей қалды. Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының тұрақты комиссиясында мәлім болды. Халық қалаулылары қаланың 2015-2017 жылдарға арналған бюджетін талқылап, билік өкілдерінің ұсыныстарын қарап шықты.

бюджет

Биыл қала бюджеті 926 млн теңгеге ұлғайып отыр. Сондай-ақ ,жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қаражаттың тиімді жұмсалғанынан 300 млн теңге үнемделген. Ал халық қалаулыларының ақ тер, көк тер болып облыс бюджетінен бөлгізген 2 млрд теңгесі игерусіз қалғалы тұр. Бұл, әрине, депутаттардың ашу-ызасын туғызды.

Бұл қаржы шымкенттіктердің 70 пайызын жарықпен қамту мақсатында салынып жатқан Бозарық қосалқы станциясына қаралған болатын. Мердігер компания бюджеттен бөлінген 1 млрд теңгені жыл соңына дейін игереміз деп отыр. Жалпы құны 6 млрд 417 млн теңгелік құрылыс 2016 жылға өтпелі. Станцияға қажетті қондырғылардың бәрі шетелден жеткізіледі. Құрал-жабдық келгеннен кейін қаражат қайта бөлінеді.

Сондай-ақ жылу маусымы қарсаңында 160 кв қазандыққа газ бен сұйық отын сатып алу үшін 226 млн теңге бөлінетін болды. Сондай-ақ, сығымдау жұмыстарының шығыны да осы қаражаттан жұмсалады. Жергілікті билік өкілдері бірнеше ұсынысты халық қалаулыларының қарауына жолдады.

Халық қалаулылары бюджетке қатысты барлық мәселені жіті қарап шықты. Жергілікті билік тарапынан айтылған ұсыныстарды мақұлдап, ертеңгі сессияның қарауына ұсынды.