Отырар ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығы, Әбу Насыр әл Фарабидің 1145 жылдығы және ауданның 80 жылдығына арналған «Ұлы дала өркениеті» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zYO41_D9OJ0[/youtube]
Аталған мерекелік іс-шараға Қазақстан парламенті сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, парламент мәжілісінің депутаты Шалатай Мырзахметов, ақын Мұхтар Шаханов арнайы келді.
Отырарлықтарды 80 жылдық мерейтойымен облыс басшысы Бейбіт Атамқұлов та құттықтай барды. Ауданның жері ғалымдар үшін тарихи-археологиялық жәдігерлерге толы екенін және бұл елдімекеннің аймақтағы туризмді дамытудағы зор әлеуеті барын өңір басшысы атап өтті.
Торқалы тойға келген қонақтар бұл күні ең алдымен Шәмші Қалдаяқовтың туған жері Сарыкөлдегі монументтің ашылуына қатысты. Ұлы сазгердің кіндік қаны тамған топырақта ашылған ескерткіш монументі демеушілер есебінен салынған. Биіктігі 3,5 метр, тұғыры 1,5 метрді құрайтын ескерткіштің құны 3,5 миллион теңгеге тең.
Сонымен қатар Қарғалы ауылындағы 75 орындық «Әсел» балабақшасы, Шәуілдір елдімекеніндегі «Келдебек ата» балабақшасы пайданалуға берілді. «Алтын домбыра» монументі ашылды. Ұзындығы 18, тұғыры 1,5 метрді құрайтын ескерткіштің жалпы құны 7 миллион теңге. Монумент демеушілер есебінен салынған. Есігін жаңадан айқара ашқан нысандардың қатарында аудандық кітапхана, ардагерлер үйі мен «Керемет» отбасылық орталығы да бар.
Отырар — әлемдегі ең көне шаһарлардың бірі. Мұнда дүние жүзіне әйгілі Әбу Насыр әл Фараби туған, мұсылман әлемінің ардақтысы А.Иассауидің ұстазы Арыстан баб жерленген, Александриядан кейінгі екінші кітапхана болған.
Ежелгі Отырар — небір археологиялық олжалардың отаны. Аумағы 18070 шаршы шақырымды алып жатқан өңірде 54 мыңнан астам халық тұрады. Ауданда 42 елдімекен, 13 ауыл округі бар. Жергілікті тұрғындар мал және егін шаруашылығымен, кәсіпкерлікпен айналысады.