Шымкентте каратэ-до шотоканнан Қазақстан чемпионаты өтуде

509
жарыс үш күнге жалғасады

Қазақ хандығының 550 жылдығын үш елдің шығыс жекпе-жек шеберлері Оңтүстіктің спорт алаңында атап өтуде. Каратэ до шотоканнан еліміздің ашық біріншілігінің жалауы Шымкентте көтерілді.

Бұл жолы Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар жиналып қана қоймай, жақын шетелден де қонақтар шақырылған. Өзбекстан мен қырғыз каратэ шеберлері де біздің татамиде бағын сынға салуда. Барлығы 394 спортшы. Олардың арасында шымкенттіктер де бар.

Жарыс үш күнге созылады. Алғашқы күннің қорытындысы бойынша Оңтүстіктің қоржынына 12 алтын, 9 күміс және 24 қола медаль салынды. Турнирдің алғашқы күнінде татами төріне ең жас каратэ шеберлері шығады. Ал қазанның 15-і күні спорт алаңында ересектер құрамасы қарсыластарынан басым түсуге тырысады.

Жарысты облыс басшысының өзі келіп қадағалап қайтты

Каратэ додан Оңтүстік спортшыларының жетістіктері мол екенін ескерген облыс әкімі Бейбіт Атамқұловтың өзі жарыстың алғашқы күнінде жеткіншектердің ептілігін бақылап көрді. Жерлестерімізге сәттілік тіледі.

Оның үстіне Токиода жоспарланған Олимпиада ойындарының тізіміне каратэ ресми спорт түрі ретінде енуі әбден мүмкін. Сол себепті облыс бапкерлері қазірдің өзінде іріктеу жұмыстарын бастап кеткен.

Шаттық Қажымұқанов, жарыстың бас төрешісі: «Токиодағы Олимпиадаға қатысамыз ба деген ниет әрдайым есімізден кетпейді. Әрине, олай болған күнде бірнеше жолдама жеңіп алуға шамамыз жетеді. Мәселен, осы жарыстың өзінде Оңтүстікқазақстандықтар топты жарып отыр.»