Мемлекеттің мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту бағдарламасы аяқсыз қалды. Бұл жөнінде қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеді. Айтуларынша, шаһарамызда 19 790 мемлекеттік мекеме мен жекеменшік кәсіпорын қызмет етеді. Мекемелерде бос орын болғанымен, бірақ ешқайсысы да жарымжан жандарды тұрақты жұмыспен қамтуға құлықсыз. Салдарынан 1 жыл бұрын күшіне енген мемлекеттік бағдарлама жүзеге аспай келеді.
Нәбира Мұхамадаминова — ІІ топ мүгедегі. Полиартирт — буын ауруына шалдыққанына 15 жылдан асқан. Алайда тағдырдың тәлкегі оның жігерін жасыта алмады. 4 жыл бойы университетте жоғары білім алды, дефектолог мамандығын меңгеріп шықты. Нәбираның айтуынша, қолына жоғары білімін дәлелдейтін құжат тигелі жұмыс іздеп, сан-саққа сабылған. Талай есіктің табалдырығын тоздырған. Бірақ нәтиже жоқ.
Нәбира Мұхамадаминова, жас маман: «Бармаған жерім қалмады, талай есікті қақтым. «Нұрсәттегі» ауруханаларға бардым, кемінде 3 жылдық тәжірибе қажет деп шығарып салды. Қаламыздағы көздері нашар көретіндер үшін ашылған кітапханаға да бардым. «Жұмыс жоқ» деп шығарып салды. Одан соң, колледждерді, өзге білім беру ұйымдарын аралап шықтым. «Жоқ жұмыс» деді. Өзімнің туған жерім Ленгірге де бардым. Төлеби ауданын шарлап шықтым, табаным тозды ғой. Еш жер қабылдамайды. Сонда менің бар жазығым мүгедек болғаным ба? Дефектолог деген мамандықты мен өзім сияқты жарымжан жандар үшін таңдадым, солардың жандарына жұбаныш айтсам, қандай да бір көмегім тисе өмірлеріне деп армандадым. Қазір міне, еш жер мені жұмысқа алмайды. Ай сайын мүгедектігім үшін мемлекеттен 25 мың теңге аламын, бірақ 1 ғана дәрім кемінде 10 мың теңге тұрады. Дәріні қоспағанда, қалада пәтер жалдап тұрамын, оған айына 30 мың теңге төлеймін. Мынадай қымбатшылық заманда қалай өмір сүруге болады? Енді не істеймін? Шақшадай басым ойлана-ойлана шарадай болып кетті ғой».
Ал облысымызда 109 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар өмір сүреді. Бүгінде оның небәрі 1500-ы ғана жұмыспен қамтылған.
Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директоры: «Қала
әкімінің 2014 жылғы 3-шілдеде қаулысына сәйкес, біз мекемемізге келген мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа қабілеттілігін анықтап, оларға жолдама беріп жатырмыз. Бірақ, мемлекеттік және өзге де жекеменшік мекемелер бағдарламаны құп көрмей, мүмкіндігі шектеулі жандырды жұмысқа қабылдаудан бас тартып отыр. Тапсырма осылай орындалмай келеді. Мәселен, білім беру ұйымдары (мектептер мен балабақша, т.б) мен денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелер (аурухана, емхана, т.б) тапсырманы орындамайтын себептері — мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алғысы келмейді. Мәселен, біз жолдаманы беруіндей беріп-ақ жатырмыз. Бірақ, олар бас тартуда, тіпті мүгедектерге сай емес жұмыстарды ұсынуда. Мемлекеттік бағдарлама, қаулы бойынша, әрбір мекеме жұмыс орындарының жалпы санының 3 пайыз мөлшерінде мүгедек жандар жұмыспен қамтуы үшін квота белгілеуі тиіс. Қазіргі уақытта аталған мәселеле бойынша Еңбек инспекциясына, басқармаларға, бөлімдерге хат жазылды. Енді Еңбек инспекциясы заң жүзінде тексеру жұмыстарын жүргізуі тиіс, шара қолданатын шығар мүмкін?! Бірақ біздің мекеме алдағы күндері де мүмкіндігі шектеулі жандарға жол көрсетуін жалғастырады».
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zVI7S3yMywU[/youtube]
Қазіргі уақытта қалалық жұмыспен қамту орталығының басшылығы Елбасының тапсырмасына атүсті, бей-жай қараған кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің тізімін Еңбек инспекциясы өткізіпті. Енді заң жүзінде тексеру жүргізіліп, тіпті шара қолданылуы мүмкін дейді. Айта өтейік, еңбек инспекциясы жыл басынан бері 18 тексеру жұмсыстарын жүргізген. Соның өзінде 57 заң бұзышылықтар анықталыпты. Және 72 мекеме мемлекетке 78 млн теңге қарызын өтеген.