Көрме

Шымкентте «Мачтекс» тоқыма өнеркәсібіне арналған халықаралық көрме басталды. Онда келушілер назарына отандық өнімдермен қоса Корея, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан елдерінің жеңіл өнеркәсібі тауарлары мен жабдықтары ұсынылды.

КөрмеҰйымдастырушылар бұл іс-шара отандық өнеркәсіптің дамуына жол ашады деп отыр. «Таджима» тігін машинасы Жапонияның тоқыма өнеркәсібіндегі жетістігі саналады. Өндірістік техника толықтай автоматтандырылған. Онда қалың, жұқа маталардан, тіпті, ішік пен теріден де түрлі киім-кешек тігуге болады.

Құны 2 млрд теңгеге жуықтайтын отандық жобаны «Әлем БТ» серіктестігі қолға алып отыр. Кореядан арнайы алдырылған қондырғы жылына 15 млн жұп шұлық шығара алады. Тапсырысыңызды көзді ашып-жұмғанша даяр етеді.

Көрмеде Корея, Польша, Ресей, Түркия және Украинаның кәсіпорындары өз өнімдерін ұсынды. Отандық және шетелдік өндірушілер жеңіл өнеркәсіптің қажеттілігіне арналған өнімдер мен түрлі жабдықтарды әкелген. Тоқыма кластерінің соңғы жетістіктерін тамашалауға келгендердің әсіресе дайын өнімдерге қызығушылығы зор.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=VUdYEHJRq7w[/youtube]

Ал шара аясында ұйымдастырылған форум отандық жеңіл өнеркәсіпті жетілдіруге арналды. Мұнда саланы дамытуда кедергі болатын түйткілдер ортаға салынды. Айта кетейік, соңғы кездері облыста тоқыма өнеркәсібіне бетбұрыс бері қарап келеді.

Биылдың өзінде облыста 15 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2 есеге артық. Алайда, жауаптылар өнеркәсіпті өркендетуде шикізат жетіспеушілігі қолды байлайтынын жасырмайды.

Айта кетейік, тоқыма өнеркәсібін дамытуға жол ашатын бұл шара екі күнге жалғасады. Келем деушілерге көрме орталығының есігі ашық.