Қала күні қарсаңында Шымкентте 10 қазан жаңару мен тазалық күні ретінде жарияланып, жалпықалалық сенбілік өткізілді. Тазалық акциясына облыс əкімі Бейбіт Атамқүлов пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, халық қалаулылары, ардагерлер жəне жастармен бірге Бекет батыр көшесінде 50 түп сәндік ағаш көшетін отырғызды.
Жалпы қалалық сенбілікте қала әкімдігінің 14 құрылымдық бөлімі мен жоғары оқу орындарының студенттері, 46 облыстық басқарма және аумақтық мекеме қызметкерлері, қала тұрғындары белсенділік танытты.
Тазылық жұмыстары 59 көше мен 6 саябақ, гүлзар, Қошқар ата өзенінің бұлақ көздерінен Ордабасы алаңына дейінгі қорғалу аймағында және Дендросаябақ аумағында жүргізілді.
Сенбіліктің кезінде ұйымдастыру жұмыстарына Шымкент қаласының ТҮКШ бөлімі және жергілікті аудан әкімдері аппараттарының мамандары бекітілген. Бұл жұмыстар кезінде қосымша 26 дана арнайы техника жиналған қоқыстарды қоқыс орнына жеткізу үшін пайдаланылды.