17 қазан — Шымкенттің туған күні! Жеті күн бойы өткізілген түрлі іс-шаралар қорытындыланған күн. «Шымкент – сүйікті қалам» мерекелік бағдарламасы Абай, Жеңіс, Орталық саябақтары мен Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз саябағында бастау алды.

Наурыз алаңындағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монументі жанындағы тұрақта Оңтүстік Қазақстан облысының 15 ауданының киіз үйлері тігілді, әр ауданның шығармашылық ұжымдары Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған концерттік бағдарлама қойды.

Таңсәріден жауын құйып тұрса да жұрт тайлы-тұяғымен мереке алаңына жиналды. Дүйім жұрт мерекелік шашуды көруге асық. Алаңға 15 киіз үй тігілген. Этно ауылдағы думанды ұйымдастырушылар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін барын салды. Әр аудан өздеріне тиесілі ақ үйлерін ұлттық нақышта безендіріп, ұлттық тағамға мол ақ дастархан жайды.

Теріскейліктер де көптен қалмай төрт қанатты киіз үй тікті. Осылайша Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына тарту жасады. Шымкенттіктерді мерейлі күнімен құттықтай келгендер тілектерін жаудырды.
 Күміс көмей әншілер мен мың бұралған бишілер көрермендерін таңдай қақтырып жатыр. Наурыз алаңында «Алтын күз» фестивалі де өтті. Онда шеберлер жеміс-жидек, көкөністен өрнектеген туындыларын жұрт назарына ұсынды.
Сондай-ақ бәйге, күрес, қыз қуу сияқты жалпы жүлде қоры 2 млн теңгелік ұлттық ойындар өтті.  Өңірдің түкпір-түкпірінен келген  кіл мықтылар теңге алды, жамбы атты, күштілері қошқар көтеріп, шымкенттіктерді таң қалдырды.
Ұйымдастырушылар күн райының қолайсыздығына қарамастан жоспарланған шаралардың барлығын өткізді. Осылайша Шымқаланың тұрғындары бұлтты күннің өзін жайма-шуақ көңілдерімен жадыратып, қала күнін дүбірлетіп тойлап жатыр.
Қала күнінде аспаздар салмағы 550 келі болатын, киіз үй мүсіндегі тоқашын ұсынды. Тәтті наннан шымкенттіктер дәм татты. Сондай-ақ, Шымкенттік тумасы, қазақс эстрадасының жарқын жұлдызы Марат Омаров әннен шашу шашты.