Созақ ауданындағы Қызылкөлді суға толтыратын күн алыс емес. Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов күн санап суы тартылып бара жатқан көлді Бабата каналының суымен толтыру мақсатында жауаптыларға тапсырма берді.
Ол тапсырмаға сәйкес енді Бабата су қоймасынан каналдың бас қондырғысына дейінгі 4,7 шақырым тастақты арна канал ретінде салынатын болады. Бұған дейін 13,2 шақырымы бетондалып, талаптарға сәйкестендірілген су арнасы толықтай жөнделсе, бүгінде небәрі 30 миллион текше метр суы қалған Қызылкөл қайта кемеріне толмақ.
Тіршілік нәрі төрт есеге азайып кеткен аталмыш көлде бұған дейін 121 миллион текше метр көлемінде су болып, сол маңдағы елдімекендерді ағын сумен қамтамасыз еткен.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі