Шымкентте кезекті өрт оқиғасы тіркелді. Кешкі сағат 20:30 кезінде 101 кезекші бөліміне суыт хабар түседі. Қоңырау шалғандар Төле би көшесінде өрт болып жатқанын хабарлаған.
Оқиға орнына 15 өрт сөндіру техникасы мен 67 жеке құрам қызметкері шұғыл аттанады. Мұншалықты мол күштің аттану себебі — өрт шыққан жер адам көп жиналатын орын санатына жатады.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен соң осындағы жеке кәсіпкерлікке тиесілі асханадан өрт шыққанын анықтайды. Қызыл жалын ғимараттың шатыры мен іштегі жиһаз, тұрмыстық техниканы толық шарпыған.
Құтқарушылардың жедел қимылының нәтижесінде тілсіз жаудың беті сағат 20:46-да қайтарылып, тағы 10 минуттан кейін өрт толық сөндірілді.
Абырой болғанда адамдар арасынан зардап шеккендер жоқ. Дегенмен, ғимарат иесіне едәуір материалдық шығын келген. Қазір өрттің неден шыққанын төтенше жағдай департаментінің анықтаушылары тексеріп жатыр.