Бәйдібек АІІБ

Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары мал ұрлады деген күдікпен үш азаматты құрықтады. 2015 жылдың мамыр айында Бәйдібек аудандық ішкі істер басқармасының кезекшісіне Екпінді ауылының 54 жастағы тұрғыны шағымданып келіп, жайылымда жайылып жүрген 8 бас жылқысының жоғалып кеткенін айтқан.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жоғалған жылқыларды жайылымда жайылып жүрген кезінде белгісіз біреулердің ұрлап кеткенін анықтайды. Жәбірленуші азаматқа келтірілген жалпы шығын көлемі 4 миллион теңгеден асып кеткен.

Бәйдібек АІІБ

Ішкі істер қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру іс-шарасы барысында үш азаматты, Ордабасы ауданы, және Шымкент және Түркістан қалаларының 1976,1980 және 1985 жылдары туылған тұрғындарын күдікті ретінде ұстады.

Тергеу барысында ұсталғандар жайылымда еркін жайылып жүрген жылқыларға түнгі уақытта шабуыл жасап, жылқыларды жүк көлігіне тиеп кетіп жүргені анықталды. Кейін малды көрші Сайрам ауданына айдап кетіп отырған. Ал жүк көлігінің жүргізушісіне 800 мың теңге сыйақы берген. Қазір ұрланған жылқылар айғақ зат ретінде тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Аталған жайт бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.