Еңбек инспекциясы

Өңірімізде әлі күнге еңбеккерлерін жалақыдан қағып, берешегін өтей алмай жүрген мекемелер бар. Олардың арасында «ЭнергоСтрой Сервис-2010» серіктестігі көш бастап тұр. Компания өз қызметкерлеріне 600 мыңға жуық теңге қарыз. Бұл туралы облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Бастар Есқараев мәлімдеді.

Бас еңбек инспекторының айтуынша, бүгінге дейін 44 мекеме қызметкерлеріне айлық еңбекақысын толық бермей келген. Қазір оның 38-і мамандарына тиісті теңгесін төлепті. Ал қалғанына мәжбүрлеп орындату үшін шара көрілуде. Яғни, ұйғарым беріліп, іс сот қарауына ұсынылып отыр. Ал басқосуға келген аудан әкімдіктерінің өкілдері мен борышкер кәсіпорын басшылары өз уәждерін айтты.

Қайрат Төлебаев, облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары: «Әрине, қарызын төлемей отырған мекемелерге ұйғарым берілді. Егер төлемейтін болса, заң алдында жауап береді. Бірақ біз ғана емес, аудан әкімдері де осы істі қадағалауы керек деп ойлаймын».