Ордабасы ауданында полицейлер жергілікті тұрғынның малын ұрлаған екі күдікті азаматты ұстады. Олар қойды көлікпен ұрлапты.
Түн ішінде аудандық жол-патрульдік полициясының қызметкерлері кезекті тәртіпті бақылау барысында Төрткөл ауылындағы тасжолдың бойында күдік тудырған «БМВ» автокөлігін тоқтатады. Көліктің ішінде 22 жастағы жергілікті екі тұрғын бар.
Алдымен азаматтардың құжаттарын тексерген инспекторлар кейінірек көлікті тексеру барысында жүк салғышта жатқан екі қойды көреді. Бұл қойлар кімге тиісті екені туралы сұраққа жігіттер дұрыс жауап бере алмаған.
Сондықтан тәртіп сақышылары күдіктілерді полиция бөліміне жеткізді. Сол жерде жігіттер қойларды көрші ауылдағы үйлердің бірінен ұрлағандарын мойындаған. Олар екі қойды түнгі сағат 2 шамасында ауыл тұрғынының мал қорасынан ұрлап, жолға шыққан беті осы екен.
Құқық қорғаушылар ұрланған малды иесіне қайтарды. Ол азамат үйінде мал ұрлығы болғанынан әлі хабарсыз болып шықты. Түн ішінде аң-таң болған ауыл тұрғыны полицейлерге алғыс айтумен болды.
Қазір осы факті бойынша 188-баппен (ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.