Мәртөбедегі қоқыс полигоны жабылады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Бұған дейін қала іргесіндегі «Мәртөбе» қоқыс полигонына байланысты жергілікті тұрғындар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы өз наразылығын білдірген болатын.
Осы түйткілді мәселе төңірегінде Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мәлік Әбдінұров БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг ұйымдастырды.
Еске салар болсақ, экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің 3 ақпандағы №297 бұйрығымен Қаратау ауданы тұрғындарынан жинақталған тұрмыстық қалдықтар толығымен «Мәртөбе» полигонына тасымалданып келген. Биыл аталмыш полигонға жобамен 39 мың тонна тұрмыстық қалдықтар төгуге рұқсат етілген. Қазіргі таңда «Таза қала» мекемесінің шешімімен мұнда күніне 23-25 тонна көлемде қалдық тасымалдануда.
Шымкент қаласының тазалығы мен көріктілігіне баса мән берген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов полигон аумағына жақын орналасқан тұрғындардың талабын ескере отырып, осыдан бір ай бұрын аталмыш полигонды көшіру туралы тапсырма берген болатын. Себебі, полигон үйлерден небәрі жарты шақырым жерде орналасқан. Қазір жауапты сала мамандары жаңа қоқыс палигонының орнын қарастыруда. Жаңа орын анықталған жағдайда Мәртөбе қоқыс палигоны толығымен жабылады.
Қазір бұл мәселе әлеуметтік шиеленістік туындауына алып келуін ескере отырып қала әкімдігі тарапынан Мәртөбе елдімекенінің қолданыстағы қоқыс полигонын көшіру үшін 2,15 гектар жер телімін бөлу жұмыстары қолға алынды. Әрі полигон территориясына жақындап кеткен тұрғын үйлер мен қоқыс тастайтын жердің ара қашықтығын 2005 жылғы №137 бұйрық талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік беріп, санитарлық ара қашықтықты 502 метрден кемітпеу қадағалауда.
Сонымен қатар бөлінетін жердің қоршауын қалпына келтіру және дезинфекциялық шұңқыр қазуға тиісті тапсырмалар берілді. Қосымша бөлінген жер телімінің сыйымдылығы 3 жылға есептелген. Осы уақыт кезінде қала әкімдігі тарапынан аталған аумақтарға қызмет көрсететін жаңа полигонға жер телімін іздестіріп, бөлу және инвесторларды енгізе отырып өңдейтін зауыт салу жоспарлануда.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі