Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы ғимаратында 15 азамат партия қатарына қабылданды.
– Қатарымыз белсенді, елжанды, лайықты азаматтармен толығуда. Өңірімізде «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны 90 мыңнан асып отыр. Тұңғыш Президент күні қарсаңында партия қатарына өту сіздерге үлкен жауапкершілік жүктейді, — деген облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қ.Жантөреева Арыс қаласындағы «Шымкент ет» ЖШС құрылтайшысы М.Абдикаримоваға, Ордабасы ауданы Ш.Уәлиханов атындағы мектептің мұғалімі Б.Бердімұратқа, Сайрам ауданы «Қожан» шаруа қожалығының жетекшісі С.Давановаға, Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы А.Жамалбековке, жеке кәсіпкер К.Мейірмановқа, «Арман» балабақшасының меңгерушісі А.Таубаеваға және «Стандарт цемент» зауытының бір топ қызметкерлеріне салтанатты жағдайда партиялық билеттерді табыстады.
Алдағы уақытта мемлекет басшысы жүргізіп отырған сындарлы саясатты іске асыру бағытында жүйелі жұмыс жасап, елге қызмет етеміз деді жаңа партия мүшелері.
Мұнымен қоса аталған шара барысында «Ең үздік бастауыш партия ұйымы» байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Байқау шартына сай I санат бойынша Сайрам аудандық «Электросеть» бастауыш ұйымы (төрағасы — С.Бөкенбаев) 1-орынды, Кентау қалалық «Науаи» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — С.Әбідрахманов) 2-орынды, Төле би аудандық «Зертас» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — Ж.Медетбеков) 3-орынды иеленді.
II санат бойынша Мақтаарал аудандық «Қызылқұм» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — Н.Қойлыбеков) 1-орынға, Шымкент қалалық «Денсаулық» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — Ғ.Айнабек) 2-орынға, Арыс қаласы «Монтайтас» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — Н.Нұрымбет) 3-орынға лайық деп танылды.
III санат деңгейінде 1-орынды Түлкібас аудандық «Майлыкент» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — С.Таңатбаев), 2-орынды «Түркістан стансасы» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — И.Искендиров) алса, 827 мүшесі бар «Сарыағаш» бастауыш партия ұйымы (төрағасы — Б.Ерменов) 3-орынға тұрақтады.
«Нұр Отан» партиясының ОҚОФ баспасөз қызметі