Қымбатшылық қалтаны қақты. Шымкентте бензин мен нан бағасы көтерілді. Қазір май құю бекеттерінде сұйық отын 127-128 теңгеден сатылып жатыр. Ал шенеуніктер бекітіп берген 40 теңгелік бөлкенің құны қазір дүкендерде 45 теңгеден саудалануда.
Нанның көтерме бағасы Шымкентте 37-38 теңге. Ал дүкендерде ас атасының бағасы 40 теңге деп бекітілген. Алайда, кей кәсіпкерлер бекітілген бағаны азсынып, бөлке құнын 45 теңгеден, кейбір дүкендерде кешкі мезгілде 48 теңгеге дейін көтереді дейді тұрғындар.
Ал салаға жауаптылар бағаның бақылауда екенін айтып әлек. Мамандардың сөзіне қарағанда, қазір қалада нан бағасын тұрақтандыру мақсатында шұғыл қызмет іске қосылған.
Қымбатшылық жанармайды да айналып өтпепті. Қазір бекеттерде АИ 92 маркалы бензин 127-128 теңгеден сатылып жатыр. Осыған дейін 125 теңгеден саудаланып келген сұйық отынның бағасы да біртіндеп қымбаттап келеді.
Бензин бағасы еркін айналымға жіберілгенмен, жауаптылар нан бағасының бақылауда болатынын айтып сендіреді. Егер ас атасының нарқын өсірген пысықайлар ескертуді елемесе, 200-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады дейді жауаптылар.