Оңтүстікте иіс газынан уланғандар саны артуда

209
Халыққа түсіндіру

Қыс басталмай жатып-ақ Оңтүстікте иісті газға уланғандар қатары қалыңдап барады. Өкінішке орай жыл басынан бері 25 оқыс жағдай тіркеліп, оның бесеуі қайғылы жағдаймен аяқталып отыр. Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының мәліметінше, мұндай жазатайым жағдайлар тұрғындардың жылыту қазандықтары мен сақтыққа атүсті қарауының салдарынан туындап отыр екен.

Халыққа түсіндіру

 

Оқыс оқиғалардың алдын алу үшін қалалық төтенше жағдайлар басқармасының мамандары алдымен өңіріміздегі Сайрам елдімекеніне бұрылды. Осындағы тұрғындардың үйді-үйлерін біртіндеп аралап, ондағы жылыту құрылғыларын көріп-танысты. Сын-ескертпе айтып, от тұтатудың ережелерін түсіндірді.

Рүстем Ерметов, Сайрам елдімекенінің тұрғыны: «Қатты жел, жауын-шашын болған кезде қиын ғой, қауіпті. Ондай кезде міндетті түрде мамандарды шақырып, көмегіне жүгінемін. Үйде кішкентай балаларым бар. Бірақ жыл сайын төтенше жағдайлар басқармасының мамандары келіп, қауіпсіздік шараларын түсіндіріп кетеді».

Төтенше жағдай басқармасы

Газға улану мұржа жүйесінің бұзылуы, оның қоқысқа я болмаса өзге қалдықтарға толып қалуы немесе ошақтағы оттың дұрыс жанбауынан болады. Жыл басынан бері өңірімізде дәл осындай 25 оқиға тіркеліп, соның салдарынан иіс газы 5 бірдей адамның өмірін жалмады. Қайғылы жағдайдан соң мамандар қауіпсіздік шараларын қатаңдатқан. Бірақ кей кездері тұрғындардың өздері сақтықты санадан шығарып алады.

Халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіру

Әсіресе қазіргі таңда көп қабатты үйлерде газ құбырлары қойылған. Аталған қондырғыны үйге орнатқан кезде өрт қауіпсіздігін сақтау керек. Егер ол сақталмаса, одан да газдың иісі шығып, адамды улайды. Ал тұрғындар оның иісі мен үйдегі жағдайды білмеуі мүмкін, ол күн сайын жинақталып, соңы қайғылы жағдайға әкеледі.

Қалалық төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының сөзіне сенсек, қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін енді өңірімізде келер жылдың наурыз айына дейін рейдік шаралар қолға алынбақ.