Оңтүстікте Қазақстанның тұңғыш Президенті күні салтанатты түрде аталып өтілді. Қазақстандықтар бұл мерекені биыл үшінші рет тойлап отыр. 2012 жылдан бері тұңғыш Президент күнін думандатып атап өтуді әдетке айналдырған күнгейліктер Түркістан сарайына жиналды. Ресми шара көшбасшыға құрмет көрсетуден басталды. Елбасының саясатын жүзеге асырып, ел үшін аянбай еңбек еткендердің еңбегі еленіп, марапатқа ие болды.
Айтылған әңгіме мен шырқалған ән Елбасыға арналды. Алдыңғы толқын ағалар өткенге саяхат жасап, тұңғыш Президентіміздің көмегімен жеткен жетістіктерді тізіп шықты.
Жарылқасын Әзіретбергенұлы, Түркістан қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Өмірдің байлығы алтын немесе мұнаймен есептелмейді. Біздің басты байлығымыз — тыныштық. Еліміз тыныш, жұртымыз аман. Елбасымыздың арқасында көпұлтты мемлекетімізді бейбітшілік орнаған. Аласапыран кезеңнен аман-есен өтеміз. Қазақ талай қиындықты жеңген. Дағдарыстан да шығамыз. Елбасымыз аман болсын.»
Жас толқын өздеріне жасалған жағдайға шаттанып, ел болашағын тұғырлы ету үшін аянып қалмастарын жасырмады. Елі сүйген Елбасымен мақтанып, Қазақстанда өмір сүргендеріне шаттанады.
Жиналған көпшілік патриоттық ән тыңдап, мәңгілік ел ұрпақтарының концертін тамашалады. Жас толқын Елбасына арнаған жүрекжарды жырларынан шашу шашты.