Күрделенген коммуналдық мәселелер шешімін табатын күн жақын. Оңтүстікте тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласы бойынша бірыңғай байланыс орталығы ашылды.
Бұл — call-орталығының негізгі бөлмесі. Мұнда барлық коммуналдық мәселелер бойынша азаматтардың қоңыраулары қабылданады. Яғни, тұрғындар өздерін мазалаған сауалдарын қоңырау арқылы жеткізіп, жылдам әрі сапалы жауап ала алады. Байланыс орталығы заманауи ақпараттық бағдарламалармен жабдықталған. Әзірге облыс орталығынан ғана қоңырау қабылдайтын call-орталықта бес оператор жұмыс істейді.
Орталықтың негізгі мақсаты — облыстың коммуналдық қызметін бір жерге біріктіру. Қоғамдағы ең күрделі саланың сансыз сауалдарын шешу. Жоба жетекшісінің айтуынша, жедел желі арқылы қабылданған әр сауал жіті тексеріліп, шешімін тез табатын көрінеді. Өйткені әр қоңырау бақылауға алынады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=zMCAp3zj-kg[/youtube]
Талғат Қасымбеков, сall-орталық жобасының жетекшісі: «ТҮКШ бөлімінің шұғыл желілеріне арыз-шағым көп түседі. Үнемі телефон желісінің бос болмайтынын айтады. Ал біздің орталық бір уақытта он қоңырауды қабылдайды. Ол үшін бес оператор жұмыс істейді».
Сағат таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін жұмыс жасайтын байланыс орталығының телефоны — 39-55-55. Шымкент қаласының қоды — 8 7252. Бұл сандарды теру арқылы себепсіз сөндірілген жарық пен сапасыз ауызсу, төселмеген тасжолдар, сондай-ақ, жылуға қатысты барлық сауалдарыңызды жолдап, жауабын жедел аласыздар. Айтпақшы, жылу маусымына байланысты орталық күні-түні жұмыс жасайтынын мәлімдеді.