Облыста жылыжай шаруашылығымен 8825 агроқұрылым айналысады. Биыл өңірдегі жылыжай аумағы 110 гектарға артып, 1020 гектарға жетті. Республикадағы жылыжайлар көлемінің 87 пайызын алатын ОҚО-да биыл 150 мың тонна көкөніс өсірілді.
Мұндай шаруашылықтар өңірдегі Сарыағаш, Сайрам, Ордабасы, Қазығұрт аудандары мен Түркістан, Шымкент қалаларында көптеп салынуда.
Өңірдегі 9 мыңға жуық жылыжай шаруашылығына қажетті құрылғыларды Шымкенттегі «Zero Max Kz» зауыты қамтамасыз етуде. 4 жылдан бері жылыжайдың сыртқы қаңқасымен бірге 50-ге жуық қосалқы бөлшектерін өндіретін кәсіпорын мамандары сонымен қатар жылыжайды құрастырып, іске қосумен айналысады.
Шығарылатын әрбір тауарға кепілдік беретін зауыт басшылығы бұзылған құрылғыларды жөндеуге де мүмкіндігі бар.
Индустрияландыру картасы шеңберінде ашылған кәсіпорын жылына 376 гектар жерге жететін жылыжай құрылымдарын шығаруға қауқарлы. Бүгінге дейін 150 гектар жердің құрылғыларын өндірген зауытта болашақта пленка мен тамшылатып суаруға мүмкіндік беретін қондырғылар да өндірілмек.
Жыл соңына дейін жаңа зауыттың құрылыс жұмыстары басталса, жылыжайға қажет керек-жарақтың барлығы Оңтүстіктен шығатын болады.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі