Өңіріміздегі орыс драма театры Мәскеуде өтетін ақын, жазушы, драматург Юрий Поляковтың заманауи шығармаларына арналған «Смотрины» І халықаралық фестиваліне жолдаманы жеңіп алып, айтулы шарада өнер көрсетті.
Жерлестеріміздің фестивальде сахналаған «Одноклассники» драмасын тамашалаған көрерменмен қатар пьеса авторы Юрий Михайлович Поляковтың өзі жерлестеріміздің театрдың кәсіби шеберлігіне тәнті болғанын жасырған жоқ. Ол халықаралық фестивальге қатысқан 30 театрдың спектаклін тамашалай келе арасынан Оңтүстіктің қана емес, Қазақстанның намысын қорғай келген орыс драма театры ең үздік екенін айтты. Юрий Михайлович біздің театрдың қойылымды сахналау тәсілі мен әртістердің кәсіби шеберлігін ерекше мойындап, алғысын жаудырды.
Ал залдағы мәскеулік өнерсүйер қауым біздің әртістер, оның ішінде өнер иесі Игорь Вербицкийдің талантына тәнті болды. Қол соғып, қошемет көрсетті. Осылайша Оңтүстіктің өнер ұжымын мойындап, талантына таңдай қаға бас иген мәскеуліктер алдағы күндері біздің ұжымның қойылымын тамашалау үшін тіпті Қазақстанға арнайы келетіндерін айтып ағынан жарылды. Айта өтейік, осынау халықаралық сайысқа өнер ұжымын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбекова бастап барды.