Шардаралық шаруалар мақта түсімінен рекорд жасады

852

Шардаралық шаруалар ерледі. Аудан дихандары облыста мақта түсімінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Биылғы науқанда бұл өлкеде 32 мың тоннадан астам ақ алтын жиналыпты.

мақтаМақташылар орташа есеппен алқаптың әр гектарынан 27 центнер өнім алған. Шаруа Рахымберді Айтмырзаев үшін де биыл табысты болды. 25 гектарға мақта егіп, 95 мың тоннаның өнімін жинапты. Келісін 100-104 теңгеден өткізген.

Диханның пікірінше, бұл — орташа баға. Демек, ақ алтынмен айналысатын шаруалар әлі де қолдауға зәру. Бұл көмек субсиядия түрінде берілге игі болар еді дейді ол.

Айта кетейік, биыл ауданда мақта алқабы 10 гектарға қысқарғанымен, өнім көлемі 1 центнерге артық. 32 мың тоннадан астам ақ алтынын жинаған шардаралықтар биыл түсім жағынан алдына жан салмады. 12 мың гектарға егілген мақтаның тең жартысы қолмен терілген. Салаға жауаптылар техникалар жеткілікті, алайда, жылдар бойы жаңартылмағандықтан, жиі сыр беретінін де жасырмайды.

Шардаралықтар өз өнімдерін өздерінде өңдейді. Үш жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан «Ұзын ата» мақта зауыты жылына 40 мың тонна шитті мақтаны өңдеуге қауқарлы. Өндіріс орны Ресей, Қытай, Украина, Бельгияға тауар жөнелтеді.

Мұнда үш ауысымда 80-ге жуық жұмысшы істейді. Алайда, зауыттың бас инжинері білікті мамандардың жоғын алға тартады. Кәсіпорын басшылығы әзірге бұл мәселені қарапайым жұмысшыларды күнделікті тәжірибеде үйрету арқылы шешіп отыр.

Қазір облыста мақта науқаны аяқталып келеді. Биыл 99 мың гектарға шит себіліп, 248 мың тонна өнім жиналды. Меже 95 пайызға еңсерілген. Салаға жауаптылар ауа райының қолайсыздығынан жоспардың үдесінен шыға алмай қалдық деп отыр.