Шетелдік акушерлер Шымкент тұрғынын қауіпсіз кесер тілігімен босандырып алды

Шетел акушерлері

Германиялық дәрігерлер кесер тілігін жасаудың мінсіз әдісін ойлап тапты. Енді шетелдік мамандардың ашқан жаңалығын жергілікті акушерлер мен гинекологтар жүзеге асыратын болады. Облысымызда алғаш рет кесер тілігін жасауға арналған халықаралық семинар өтуде. Германия, Израил мен Ресейден келген дәрігерлер шеберлік сабақтар өткізіп, бірнеше ота жасап үлгерді.

Алғашқы күні-ақ шетелдік акушер-гинекологтар облыстық №1 перинаталдық орталықта жас анаға кесер тілігін жасады. Қазақстанға алғаш рет осыдан 16 жыл бұрын келген германиялық дәрігер, Еуропадағы хирургиялық академияның президенті, профессор Майкл Старк бұл әдісті дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы енгізген стандартқа сай жүргізеді.

Бұл отаның ерекшелігі сол, операция кезінде хирургиялық құрылғыларды аз қолданып, босанатын әйелдің терісіне артық тілік жасалмайды, жараның орны қауіпсіз әрі тез жазылады. Мұндай әдіс өңірімізде алғаш рет қолданылуда.

Бахытгүл Кашанова — бес баланың анасы. 38 жастағы азаматша алтыншы перзентін кесер тілігі арқылы дүниеге әкелді. Осындай «алтын» қолды дәрігерлердің қолына түскеніне де қуанышты. Олардың тың әдісін жергілікті акушер-гинекологтар да меңгеріп алса деген тілегін де жасырмайды.

Бахытгүл Кашанова: «Бұған дейін жатырға ота жасалған, соның салдарынан баламды өзім дүниеге әкелуге мүмкіндік болмады. Дәрігерлер мұны денсаулығыңыз үшін қауіпті деп тапқандықтан, кесер тілігін жасауға келісімімді бердім. Қазір денсаулығым, көңіл-күйім жақсы. Оның үстіне білікті, шетел дәрігерлері ота жасады. Енді осындай кауіпсіз әдіспен жасалатын ота түрлерін жергілікті дәрігерлер де меңгеріп алса жақсы болар еді.»

Шетелдік дәрігерлер апта соңына дейін түрлі шеберлік сабақтарын өткізеді. Бұдан өзге ана мен баланың өмірін сақтап қалудың жолдарын үйретеді. Ал жергілікті мамандар кесір тілігінің жеңіл жасалу жолын меңгеріп қалу үшін барынша тырысуда.