Шымкентте ғалымдардың халықаралық конференциясы өтті

966
Мейірбек Оразов

Шымкентте Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетінде «Мейірбек Оразов оқулары» халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ғылыми-тәжірибелік конференция бірнеше секцияға бөлінген.

Мейірбек Оразов

Екінші рет ұйымдастырылған іс-шараға Оңтүстіктің ғалымдарынан өзге Түркия, Өзбекстан мемлекеттерінің профессорлары қатысуда. Жыл сайын қаламызға келетін ғалымдардың саны да артып келеді. Дәстүрлі басқосу Мейірбек Оразовтың еңбектерін, түркі әлемін зерттеудегі еңбегін кеңінен насихаттап, түркология ғылымының тынысын кеңейтуге арналған.

Құлахмет Молдабеков, Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы: «Мәкең түркі тілі ғылымына, оның ішінде қазақ тілі біліміне үлкен үлес қосқан ғалым. Оның «Сөз теориясы», «Сөздің темантикасы» деген еңбектері — алғаш рет жазылған құнды еңбектер.»

Айта кетейік, түркітанушы ғалым, академик Мейірбек Оразұлы — аталған университеттің іргесін қалаған алғашқы ректор. Оның түркі әлеміндегі жазу-сызу мен дүние танымындағы еңбектері жоғарғы оқу орындарындағы білім жүйесінде кеңінен қолданылады.

Сандуғаш Бемырзаева, Қазақстан инженерлік-педагогикалық университетінің ІІ курс студенті: «Туған ел деп өз әнімді бастадым. Елімменен гүлденеді жас шағым, түркілердің дүниесінен нәр алып, Күлтегінді жазған екен тасқа мың» деп жазылған өлең жолдарын талай естіп жүруші едік. Ол кісінің ғылыми еңбектері арқылы менің түркі дүниетанымына өрісім кеңейді. Сабақ барысында көп қолданамыз. Рахмет айтамыз».

Биылғы конференцияға 50-ге жуық ғылыми зерттеулер әкелінген. Олар жиналған ғалымдардың талдауына түсіп, тереңнен зерттелгендері назарға ілігіп, арнайы жинаққа енбек. Сондай-ақ, еңбегі үздік деп танылған ғалымдар оқу орнының атынан арнайы марапатқа ие болады.