Бір қарағанда әскерилерге ұқсайтын топ — тұңғыш рет ел аумағында ашылған әскери кафедраның шәкірттері. М.Әуезов атындағы ОҚМУ қабырғасында енді ер балалар ғана емес, қыздар да әскери жоғары білім алып жатыр.
Оның ішінде мергендікті меңгеріп, жалпы әскери жарғылар, әскери топография сынды дәріс өтілуде. Мұнда студенттер үшін аталған пәндерді оқыту жоғары әскери шендері бар мамандарға жүктелген.
Жансая Оңалбек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенті:» Ең алғаш қолыма қару алғанда үлкен жауапкершілік пен қобалжуды сезіндім, несін жасырайын. Кейінірек бойым үйреніп, сабаққа деген қызығушылығым артты. Отанға деген құрмет пен патриоттық сезімді сезінемін. Әскери дәріс аптасына 2-3 күн болады, қалған күндері жалпы сабақтарды өтеміз. Әрине, жаппай жүгіру, түрлі жаттығуларды жасау, одан соң сынақ тапсыру оңай емес, аз-кем әскери өмірді бастан өткерудеміз. Бірақ, мен елімнің патриоты ретінде болашақта Қазақстанның қарулы күштеріне қызметкер орналасамын деген арманым бар».
Қанат Аманжолов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ әскери кафедраның мұғалімі: «Әрине, қыз балалар ерлерге қарағанда өте зерек. Өткен дәрісті қызығушылықпен жаттап алады. Белсенді. Сондықтан болса керек, әзірге сабақ өтуде, оны түсіндіруде ешқандай қиындықтар туындаған жоқ. Ал бағалауда, емтиханда біз қыздарға ешқандай жеңілдік жасамаймыз. Бекітілген талап-ережеге сай, теориялық және жаттығудағы көрсеткішті ескеріп, тиісті бағасын қоямыз».
Жақып Кенжебаев — М.Әуезов атындағы ОҚМУ әскери кафедрасының бастығы. Ауған-тәжік соғысының ардагері. Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, қыз балалардың әскери кафедра студенті атануы үшін қойылатын талап қатаң. Олар арнайы бекітілген сынақ тапсырып, емтиханнан сүрінбеуі тиіс.
Жақып Кенжебаев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ әскери кафедрасының бастығы: «Олар 4 көрсеткіш бойынша емтихан тапсырады. Бірінші — дене дайындығы, екіншіден, медициналық сараптамадан өтеді, үшінші, психологиялық тесті тапсырады, төртінші, сабақ үлгерімі орташа болуы қажет. Осы 4 талапқа сәйкес келсе, онда талапкер біздің студенттердің қатарын толықтыра алады».
Еліміздегі айбынды әскердің алғашқы баспалдағын қалайтын мемлекеттік университеттің әскери кафедрасының бүгінгі қоғам үшін орны ерек. Жоғарғы оқу орнында бүгінде 450 студент білім алады. Оның 25-і — қыздар. Жастарды нар тұлғалы етіп тәрбиелеуге көшкен ұжым түлектерін болашақта қарулы күштерінде метролог маман немесе ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөліміне жөнелтпек.