Шымкентте ақша бопсалаушылар ұсталды

281
Ақша бопсалау

Шымкентте ақша бопсалаушылар ұсталды. Қаланың тәртіп сақшылары өздерінің құрдастарынан ақша бопсалаған жас жігіттердің қолына кісен салып отыр. Бұған қоса күдіктілердің үйінен қару-жарақ табылған.

Ақша бопсалау

Полицейлерден көмек сұрап, кезекші бөлімге жәбірленушінің өзі келген. Оның айтуынша, түн ішінде далаға шыққаны сол екен, үйінің жанында күтіп отырған белгісіз біреулер көлікке күштеп отырғызып, айдалаға алып кетіпті.

Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тәл және ақпарат басқармасының басшысы: «Арызданушының айтуынша, өзін күштеп көлік отырғызған белгісіз күдіктілер, айдалаға алып кеткен. Сол жерде ұрып-соғып, 200 мың теңге талап еткен.»

Осы арыз бойынша іс полицияның бірыңғай түзілімінде тіркеліп, ақша бопсалауға байланысты қылмысты іс қозғалады. Іздеу жұмыстары нәтижесінде полицейлер Шымкенттің 22 жастағы екі тұрғынын ұстады. Олар алғашқы тергеу барысында өз кінәларын толық мойындады. Сол күні-ақ осы күдіктілердің тағы бір сыбайласы ұсталды.

Ақша бопсалау

Ол 19 жастағы Шымкент тұрғыны болып шыққан. Ұсталғанның үйін тінту барысында шолақ мылтық табылды. Ал қалған екі күдіктінің үйін тінту барысында тергеушілер бірінен пневматикалық тапанша, ал екіншісі жалға алған пәтерден пышақ пен бетперде тауып алып, тәркіледі.

Қазір екі бап бойынша қылмысты іс қозғалған. Ұсталғандардың екеуі қамауда, ал үшіншісі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілген.