Шымкентте шақалақтар үшін қауіпсіз жөргек тігіледі

1206
Қаазақстан аумағында тұңғыш рет шақалақтар үшін жаңа жөргек жиынтығы жасалды. Жүз пайыз мақтадан тігілген тың дүниені «MedTex KZ» серіктестігі шығарды.
 
 
Бір қарағанда кәнігі тігін цехы болып көрінгенімен, мұнда тек жаңа туған нәрестелер үшін киім жиынтықтары әзірленеді. Оның ішінде жейде, жөргек пен телпек бар. «MedTex KZ» серіктестігі өкілдерінің айтуынша, өнім үшін жай емес, 100 пайыз мақтаның жоғары сұрпы қолданылады. Матаның әрбір сантиметрі шақалаққа шақталып әзірленеді.
Рана Османәлиева
Рана Османәлиева
Рана Османәлиева, тігінші: «Тігіп жатқан кезде баланы ойлап отырамын. Қуанып, үлкен бір сезіммен, шаттықпен тігемін. Киім шақалақтың денесіне қатты тимеуі үшін тігістерін сыртқа қаратып қоямыз, ең бастысы, жұмсақ әрі таза маталардан дайындаймыз».
Жаңа туған сәбилерге арналған жиынтықты дайындайтын кәсіпорын қараша айында жұмысын бастаған. Мұнда қазір 37 тігінші маман мен өнімнің тазалығы, сапасы үшін өзге де қызметкерлер еңбек етеді. «MedTex KZ» серіктестігі басшылығының айтуынша, маталарды Ресейден арнайы тапсырыспен алдырады.
Тігін цехында 37 тігінші қызмет етеді
Тігін цехында 37 тігінші қызмет етеді

Наргиза Иманакунова, «MedTex KZ» ЖШС бас директоры: «Өнім — шақалақтардың денсаулығының кепілі! Себебі бізде матаның өзі бірнеше зертханалық тексерулерден өтеді, одан соң ғана тігіншілерге беріледі. Дайын дүние тағы да тазартылады. Және иммунитеті әлі қалыптаса қоймаған жаңа туған шақалақты ортадағы барша зиянкестерден қорғайды».
Кәсіпорында айына әзірге 25000 дана жөргек жиынтығы тігілуде. Әзірге шақалақтар үшін жазғы және қысты маусымға арналған топтамалары бар.
Шәкір Мамыров, «MedTex KZ» ЖШС директоры: «Біздің қоғамда көбіне нәресте туылғанға дейін жөргектерді сатып алуға құлық танытпайды. Бірақ бала дүние есігін ашқанда сол мезетте киімдерді кез келген сауда нүктелерінен алуға мәжбүр болады. Ол киімдер ашық түрде және оны сатушы да, тұтынушалар да қолымен ұстаған. Ал біздің «Адилек» өнімі арнайы залалсыздандырылған қаптамада, оны ең бірінші тек дәрігер ашады. Бұл баланың денесіне қауіпсіз болмақ.»
Қазіргі уақытта «MedTex KZ» кәсіпорны дәріханалар желілерімен келісім-шартқа отырып жатыр. Яғни өнім енді қаламыздағы дәріханалар арқылы да қолжетімді болмақ.