Жолкіренің мәселесі қашан шешіледі?

Шымкентте жолақы 2016 жылдың екінші жартысында ғана қымбаттайды. Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев «Парасат» колледжінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

Қуатжан Жұматаев
Қуатжан Жұматаев

-2016 жылдың қаңтар айында арнайы комиссия құрылады. Оған облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық қауымдастықтың өкілдері кіреді. Сол комиссия қаладағы жолаушы тасымалдаумен айналысатын 27 компанияның жолкіреге байланысты ұсыныстарын талқылап, наурыз айында қалалық мәслихаттың бірінші шақырылымында ортақ шешім шығарылады.

Одан соң баспасөз бетінде арнайы хабарлама беріліп, заңды күшіне енеді. Ескере кетерлік жәйт, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық көліктерде тегін жүретін болады, —дейді сала басшысы.

Жуырда ғана облыс әкімдігінде ұсынылған Шымкент қаласының даму тұжырымдамасында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов нарықтық заңдылықтарға сай жолкіренің қымбаттайтыны туралы мәлімдеген болатын.

Дегенмен, қала әкімі жаңа тарифтің 2015 жылы емес, 2016 жылдың екінші жартысында қолданысқа енетінін айтып отыр. Тағы бір жаңалық, студенттердің жағдайы ескеріле келе олар үшін қоғамдық көліктегі жолақы 50 теңге болып қалмақ.

Шымкент қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі