Сall-орталықтың пайдасы бар

316

Күрделенген коммуналдық мәселелерді шешуге call-орталықтың қосып отырған үлесі қандай? Бірыңғай орталыққа түсетін қоңырау мамандарға дер кезінде жеткізіліп жатыр ма?

Сапасыз жарық, қысымы аз көгілдір отын, ауызсу мен ескірген кәріз жүйелеріне келіп түсетін қоңыраулар бір минутта толастамаған. Тек орталықтың байланыс жүйесі кедергілерге тап болғанда да ғана өтініштер қабылданбай қалады. Орталықтың алғашқы сынақ аптасында түрлі кедергілердің кездескенін мамандар да мойындайды.

Лесбек Серікбаев, облыстық ТҮКШ және автомобиль жолдары департаменті басшысының міндетін атқарушы:» Бірқатар техникалық ахаулар орын алып жатыр. Қазір ол бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Барлық жүйе қайта тексерілуде. Олардың жаңалау бағыты және жылдам интернетке қосу қаралып жатыр. Қазір реттеліп жатыр».

Шапағат Қалымбек — бірыңғай байланыс орталығының операторы. Іске қосылғанына небәрі апта толған орталық үш жүзге жуық қоңырау қабылдаған. Оның тең жартысы өз шешімін тауып, тұрғындардың көңілінен шығып үлгеріпті. Коммуналдық қызметке қатысты кез келген сауалды тіркеп, оны сала мамандарына жеткізіп, шешімін хабарлап отыру — оператордың тікелей міндеті.

Шапағат Қалымбек, оператор: «Біздің жұмысымыз таңғы сағат 9-дан кешкі сағат 6-ға дейін. Әрине, түскі үзіліс болады. Бірақ, кезекпен. Яғни, байланысты тастап кетпейміз».

Осылайша сall-орталықтың пайдасын көргендер жетерлік. Бірі табиғи отынның қысымын көтергізіп алса, енді бірі жолын жөндеткен. Ал Темірлан тасжолы бойында орналасқан № 28үйдің тұрғындары аула жарығын қойдыртқан. Байланыс орталығының телефоны — 39-55-55. Шымкент қаласының қоды — 8 7252.

Бұл сандарды теру арқылы себепсіз сөндірілген жарық пен сапасыз ауызсу, төселмеген тасжолдар, сондай-ақ, жылуға қатысты барлық сауалдарыңызды жолдап, жауабын жедел ала аласыздар.