Қазығұрт ауданының әкімі ескерту алуы мүмкін

391

Облыста өткен кезекті тәртіптік кеңесте қазығұрттық шенеуніктердің мәселесі май шаммен қаралды. Қызмет барысында кемшілік жібергендің арасында аудан әкімінен бастап бірнеше бөлім басшылары бар.

Алдымен мемлекеттік сатып алуларды өткізу кезінде мердігерге артықшылық көрсеткен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Болат Әжіметов тәртіпке шақырылды. Сондай-ақ кеңес мүшелері негізсіз құжаттар сұратып, тұрғындардың құқығын аяқасты еткен ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының әрекетін сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызған деп бағалады. Бір емес, бірнеше рет олқылық жіберген шенеуніктер шетінен кінәларын мойындады.

Таяқтың бір ұшы ауданның бас заңгеріне де тиді. Себебі, ол бұл заңсыздықтардың алдын алуы тиіс болатын. Алайда, келеңсіздер бірнеше рет қайталанса да заңгер тиісті шараларға қолданбай қамсыз отырған.

Дегенмен, тәртіптік кеңес мүшелері қазығұрттық лауазым иелеріне жұмсақтық танытты. Сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызған мемлекеттік қызметкердің олқылықтары үшін облыс әкіміне аудан әкімі Болат Қыстауовқа ескерту беру ұсынылды.