Елімізде ішкі көші-қонға байланысты заңдылықтар бекігелі бері Оңтүстіктен жүгін артып, Теріскейді бетке алған көш кереуен жиіледі. Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданынан жаңа жылға дейін тағы 30-дан астам азамат отбасысымен қоныс аударуға қам жасап жатыр. Олардың денінің мамандығы бар.

Асхат жұмыспен қамту мекемесіне жұмыс іздеп емес, Қызылжарға қоныс аударуға қажеттін құнттап келді. Жоғары білімді азаматтың мамандығы – заңгер. Былтыр үйленіп, отбасын құрған. Туған жері Сарыағаштан тұрақты жұмыс таба алмасына көзі жеткен соң Солтүстікке бармаққа біржола бекініп отыр.

Асхат Сманов, Сарыағаш қаласының тұрғыны: «Солтүстікте жұмыс бар дейді. Ол жаққа маман керек екен. Өз мамандығым бойынша жұмыс істесем деймін. Үй-жай береміз дейді. Тұрақты айлығы бар екен. Одан артық не керек?»

Асхат – үйдің ортаншысы. Қазір әке-шешесі және отбасылы інісімен барлығы бір үйде тұрады. Ұлының кесімді шешіміне ата-анасы қарсы болған жоқ. Ең бастысы, елімізде жүрсе болғаны деп ақжол тілеп отыр. «Өзінің қалауымен Солтүстік өңірге барып қызмет жасаймын дейді. Сол жаққа барып, Отанымызға еңбек етемін дейді. Ақ жол болсын, баламызға. Дені сау болып, сол жақта өсіп өніп, көркейіп жүре берсін» деп әкесі де ақ батасын беріп отыр.

Сарыағаш ауданынан Асхатпен бірге тағы 32 азамат еліміздің Солтүстік Қазақстан облысына қарай көш түзегелі жатыр. Көбінің құжаттары әзір. Біразы алдын ала жаңа қоныстарын көріп біліп, танысып та қайтыпты.

Ахментай Есбаев, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары: «32 азаматты айтатын болсақ, оның ішінде 10 азамат жоғары білімді, мұғалім. Екеуі медицина саласынан. Сол сияқты ауыл шаруашылығы саласынан үш азамат. Қалғандары аспаз, фермер секілді әртүрлі мамандық иелері.»

Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 320 мыңнан астам адам тұрады. Жыл сайын мұндағы халық саны 10 мың адамға артып отыр. Ал Солтүстік өңірге жол тартпақ сарыағаштықтар аймақтың өркендеуіне үлес қоспақ.

[youtube]https://youtu.be/f687sIqizrk[/youtube]