Көпжасар Бексейітов

Шымкент қаласының тұрғыны Көпжасар Бексейітовтің отбасын арнайы іздеп бардық. Бүгінде зейнеткерлікке шыққан елге танымал ұшқышты бау-бақшасынан таптық. Қолына құрал-сайманын алған Көпжасар аға жұмысқа кірісіп кетіпті. Кезінде әуе кеңістігін бағындырған жан бүгінде бағбандықпен айналысады.

Көпжасар Бексейітов

«Әке көрген оқ жонар» деген осы болу керек. Өйткені Көпжасар ағаның әкесі де жеміс-жидектерді өсіріп, күтіп-баптаудың хас шебері болған екен. Бүгінде сол кәсіпті 18 жылдан бері жалғастырып келе жатқан ел ағасы бағын қысқы науқанға дайындап жатыр.

Ағамен әңгімелесіп жүріп, бау-бақшасын араладық. 40-50 шаршы метр жерді алып жатқан бақшада 150-200-ге жуық түп ағаш бар. Сары алтындай сары күзде жайғалған бау-бақшада түрлі жемістерді кездестіресіз. Қара өріктің 3 түрі, алманың 3 түрі, алмұрт, жүзімнің 4-5 түрі, жаңғақ, құрма, тіпті, анар да бар. Сонымен қатар жасыл шыршаның — 20, ал ақ қайыңның 15-ке жуық түрі жайқалып түр.

Ал есіктің алдын көмкерілген жүзім ағаштарының сабақтары жауып тұр. 50-60 түп жүзімді бағбан өз қолымен еккен екен. Биыл 2 тоннаға дейін жеміс жинапты. Енді артық сабақтарын қырқып, түптерін жерге көміп, қысқа дайындауда.

Бағбанның айтуынша, әр жеміс ағашын күтіп-баптаудың өз әдісі бар. Мәселен, Қызылжар өлкесінен әкелінген ақ қайың ағашы ыстық ауа райына төзімсіз келеді екен. Әсемдігімен қатар сая болатын ағаштар өте сезімтал болады. Соның салдарынан барлық жапырақтары ерте қурап қалады. Сондықтан ерекше күтім керек екен.

Ал ауланың сәнін кіргізіп тұратын жасыл желекті шырша аса күтімді талап етпейді. Бар болғаны арнайы дәрумендермен қоректендіріп, ағаштың түбін қопсытып қойса, жеткілікті.

Көпжасар ағаның өмірлік серігі Сафура жеңгей де күні бойы тыным таппайды. Бақтарындағы түрлі гүлдерге күтім жасайды. Күзде жерге төгілетін ағаш жапырақтарын жинап алып, қояндарға азық қылады. Маңдай терін төгіп, адал еңбектерінің жемісін көріп отырған отағасы мен отанасы осылай ұл- қыздарын еңбекқорлыққа баулиды.