кортон зауытының жұмысшылары

Шымкентте жұмыссыздардың қатары азайды. Бұл жөнінде қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының басшылығы мәлімдеп отыр. Айтуларынша, қаламызда жуырда ғана өткен бос орындар жәрмеңкесінің нәтижесінде мамандарға 751 жолдама берілген. Енді жұмыс беруші тарап 1 айдың ішінде еңбеккерлерді тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуі тиіс.

Гүлнәр Тоғызбаеваның күн жоспары қарбалас. Балаларды медициналық тексеруден өткізіп, олардың денсаулығын бақылайды. Балабақшада медбике қызметіне орналасқанына әлі ай толмаған маманның бұл – алғашқы жұмыс орны. ІІІ топ мүгедегі бұған дейін жұмыс сұрап талай есікті қаққанымен, нәтиже болмағанын жабырқай еске алды.

Гүлнәр Тоғызбаева
Гүлнәр Тоғызбаева

Гүлнәр Тоғызбаева, балабақша мейірбикесі: «Диплом алған соң жұмыс таппай, үйде отырып қалдым, жекеменшік ауруханалар мен мемлекеттік емханаларға біртіндеп түйіндемелерімді тастап кеттім. Хабарласамыз деді, бірақ хабарласқан жоқ. Міне, осылай жылдар сырғып өте берді. Жуырда жәрмеңкеге қатыстым, қалалық жұмыспен қамту орталығы жолдама берді балабақшаға. Құдайға шүкір, жұмысқа алды. ІІІ топ мүгедегі екенімді қызметке келгенде білдірмеймін, бар ынта-ықыласыммен атқарып жүрмін, әзірге жалақым – 50 мың теңге.»

Бүгінде Гүлнәрдан бөлек бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысқан тағы 751 азаматқа тұрақты жұмысқа орналасуы үшін жолдама беріліпті. Бүгінде олар кәсіпорындар мен өзге де мекемелерде қызметіне кірісіп кеткен.

Ал шарапаты мол шараны қолға алған Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, сұраныс, көбіне, өнеркәсіп және техникалық мамандықтарға түскен.

Асылжан Жамалбеков, Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры: «Жұмысқа жолданғандар жайлы айтсам, білім саласына – 130, денсаулық сақтау саласына – 91, өнеркәсіпке – 148, қызмет көрсету саласына -225, мәдениетке – 35, құрылыс саласына 116 және әкімшілік пен экономика салаларына 6 азамат жолданды.»

Орталық басшылығының айтуынша, тұрақты жұмысқа орналасу үшін жолданған жандардың 227-сін жастар құрайды. Ал бүгінгі қоғамда жұмыссыздар қатарын жою үшін тұрақты ұйымдастырылатын бос жұмыс орындары жәрмеңкесі енді араға 3 ай салып, 2016 жылдың наурыз айында өтпек.