Шымкенттегі көпшілікке «Ескі қалашық» атауымен таныс шағынауданның түйткілді мәселесі жетерлік. Редакциямызға арыздана келген жұртшылық жол азабын тартып келеді. Айтуларынша, жер асты бұлақтарының әсерінен тасжол жарылып, қарс айрылған.
Осы бір түйткілді 50 метр жолда апат та жиі болады дейді мұндағылар. Себебі, қара жолда жүйткіген көліктердің жылдамдығын төмендететін жол кедергілері жоқ.
Жергілікті тұрғындар үшін жол ғана емес, ауызсу да жыр. Он жылдан бері осында тұратын Амангелді көшесінің тұрғыны Әділбек Рустамбеков жергілікті жұртшылық тіршілік нәріне жарымай келе жатқанын айтады. Суды мешіттен тасып ішеміз, кейде сатып алуға мәжбүрміз дейді ол.
Тұрғын үй, коммуналды шаруашылық бөліміндегі мамандар жуық арада су жүйелерінің құрылысы жүргізілмейтінін айтады. Себебі, ауызсумен қамту жұмыстары жол жөнделген кейін ғана жүзеге асырылады. Ал жолға жауаптылар күрделі жөндеудің келер жылы жүргізілетінін жеткізді.
Қазір Амангелді көшесінің тұрғындары жол мен ауызсудың азабы шыдамымызды тауысты дейді. Түйткілдер көктемге дейін шешілмесе, құзырлы органдарға шағымдануға бекініп отыр.