Шымкентте тұңғыш Президент күніне орайластырылып жас қолөнершілер байқауы ұйымдастырылды. Оған облыс мектептерінде тәлім алатын 100-ге жуық жоғары сынып оқушылары қатысты.
Шараның басты мақсаты жасөспірімдер шығармашылығын дамыту және оларды қолдау болып табылады. Сондай-ақ, 1 желтоқсан — тұңғыш Президент күнінде жас өнерпаздарды марапаттап, шығармашылыққа деген сүйіспеншілікті арттыру.
Иризкулов Розмат Сайрам ауданынан аталмыш байқауға арнай келіпті. Оның жасаған туындысы өзгелерден ерекшеленіп, көзге түседі. Жеткіншек өз арманындағы трактордың бір нұсқасын жасап шығарған.
Мұндағы басты ерекшелік — ағаш көлік су көмегімен өзі қозғалады. Бұл туындыны жасауға көп уақыт кетпеді дейді автор. Тіпті болашақта дәл осындай су көмегімен жұмыс жасайтын кәсіби тракторды құрастырып, ел игілігіне ұсынуды мақсат етіпті. Және мұндай бастама шығынды азайтып, ел экономикасын арттырары сөзсіз дейді өнертапқыш.
Иризкулов Розмат: «Мен тұңғыш Президент күніне ұйымдастырылған көрмеге өзімнің тұңғыш туындымды алып келдім. Әділқазылардың көңіліне шығады деген ойдамын. Мұнымен тоқтап қалмай, алда да ұтымды жобалармен қуантуға уәде етем.»
Сонымен, сайыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған туындылар авторлық құқығы сақталып, «Оңтүстік-Цирк» мекемесіне тапсырылды. Мұнымен қоса 1, 2 және 3-орынды иеленген жас өнерпаздар марапатталып, «Оңтүстік-Циркте» өтетін барлық қойылымдарға жыл бойына тегін кіруге мүмкіндік алды.