Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі күні қарсаңында М.Әуезов атындағы ОҚМУ ұжымы жылдың үздік студентін анықтады. 10 номинация бойынша өткен байқауға 130 студент қатысқан. Арнайы құрылған комиссия олардың арасынан тек алғырларын таңдап алды.
Үздік топ басшысынан бастап, үздік жыл студентіне дейінгі мықтылардың есімін жария еткен байқау жеңімпаздарының бірі — Жазира Жаппарқұл. Бойжеткен — ауыр атлетикадан әлемнің екі дүркін күміс жүлдегері. Таяуда ғана АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлем чемпионатынан жүлделі оралған Жазира жылдың үздік спортшысы атанды.
Ал «Жуниор», «Алтын микрофон» ән сайыстарының жеңімпазы, «Жас қанат — 2014» байқауының 2-орын иегері Жан Нұржан жылдың үздік өнерпазы атанды. Университет мақтанышына айналған жігіт өз өнерін осы сахнада тағы да бір рет көпшілік назарына ұсынды.
Түрлі сала бойынша кіл дүлдүлдердің есімдерін білген көпшілік жылдың үздік студенті кім болатынын тағатсыздана күтті. Сонымен, бұл номинация механика және мұнай газ факультетінің 4-курс студенті Есжан Талғатқа бұйырды. Студенттік ректор Есжан бұған дейін Елбасының алғыс хатымен марапатталған.
Есжан Талғат: «Мен қазіргі таңда атадан мирас болып қалған ақындық өнермен айналысып, сонымен қатар, спорттардың түрлеріне қатысамын. Соның ішінде футболды жақсы көремін және атқа мінумен де әуестенемін.»
Бұл іс-шараның басты мақсаты — жастарды ынталандыру, оларды қоғамдық өмірде белсенді болуға баулып, этикалық тәрбиесін арттыру. Енді үздік студент республикалық «Жыл студенті» байқауына қатысады.
Мағжан Исақов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің жастар орталығының директоры: «Үздік жыл студентін анықтау үшін біз, ең әуелі, үміткерлердің сабақ үлгеріміне қараймыз. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстағы белсенділігіне мән береміз. Халықаралық, республикалық деңгейдегі марапаттарын да назардан тыс қалдырмаймыз. Яғни, сабақта да, өнерде де, жалпы, барлық салада белсенділік танытқан студентке «Жыл студенті» атағын береміз.»
Байқауды ұйымдастырған Қазақстан студенттерінің альянсы өкілінің айтуынша, университеттегі сайысты келешекте облыстық, республикалық деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.